СӨЙЛЕ ДЕ, ТІЛІМ, БАЗАРЫМ
Сөйле де, тілім, базарым,
Бір күнде жетер ажалың.
Шыңнан қашқан қояндай
Шығарайын тозаңын.
Сөйле десең, сөйлейін,
Нұржанның жазған ғазалын.
Азаматым, ағайын!
Аз ғана бір сөз жазайын.
Сіз бір біткен жар-қайың,
Біз бір біткен тор-қайың,
Бұтағыңа қонып ап,
Әрлі-берлі шырлайын.
Қызыл да тілім, сөйлеп қал,
Таңдайымда қатарсың.
Домбыраның бетінде
Он саусағым, жорғала,
Шешіліп көрде жатарсың.
Сылқым, сылқым, сылқым соқ,
Солқылдарға мойным жоқ.
Жалаңаштан да жауға аттан,
Ажалың жетпей, өлу жоқ.
Жез қасық-ау, жез қасық,
Бұл сөзіме халық асық.
Екі жақсы қосылса,
Отырады жанасып.
Бір жаманға сөз айтсаң,
Ол да бір кетер түн асып.
Дүние, дүние, дөңгелек,
Мен сөйлейін термелеп.
Термелетпей, шіркін-ай,
Бүгежектеп отырмын,
Баурайыңнан аса алмай,
Төрге жиған жасаудай.
Ішімде кеңес қайнайды,
Бұғалық салған асаудай.
Ертелі-кеш шапса да,
Білмейді інің босауды-ай!
Сері, азамат Сардарбек,
Өтер-кетер дүние-боқ.
Қас жүйрікте шабыс көп,
Алғаның жаман болса егер,
Бір төсекте жату жоқ.
Ағайын жаман болса егер,
Өле-өлгенше тату жоқ.
Таудан аққан тарғыл тас,
Тарықсаң шығар көзден жас.
Ағайын болсаң – тату бол,
Алаш болсаң – жақын бол,
Қатын алсаң, сұлу ал,
Артыңда қалса, кім алмас?
Жаман қатын алсаңыз,
Артыңда қалса, ит алмас.
Жақсылардай ақ алмас,
Ақ алмастан жан қалмас.
Бай баласы мақтанса,
Бедеу атқа міндім дер.
Бек баласы мақтанса,
Көрмегенді көрдім дер.
Хан баласы мақтанса,
Алтын таққа міндім дер.
Жаман адам мақтанса,
Жемегенді жедім дер.
Жолдас болсаң жақсымен,
Не де болса, көндім дер.
Бір жаманмен дос болсаң,
Сенің үшін өлдім дер.
Арғымақ ат мақтанса,
Ол да бір күні кез келер
Қаланың қазған орына.
Ақсұңқар құс мақтанса,
Ол да бір күні кез келер
Құсбегінің торына.
Асқар, асқар, асқар тау,
Адыра қалар малдан соң.
Құбылып тұрған бәйшешек
Құбалай болар солған соң.
Байлар киген қамқа тон
Шүберек болар тозған соң.
Жігіттің сәні келмейді
Алқалаған жаудан соң.
Жүйріктің сәні келмейді
Өкпе мен бауыр, жалдан соң.
Келіншек сәні келмейді
Әлдилеген ұлдан соң.
Кемпірдің сәні келмейді
Төрде отырған шалдан соң.
Үйдің сәні келмейді
Ораулы тұрған шиден соң.
Шидің сәні келмейді
Жиюлы тұрған жүктен соң.
Жүктің сәні келмейді
Бойжетіп өскен қыздан соң.
Көлдің көркі келмейді
Жайылып жатқан малдан соң.
Самауыр деген шай шықты,
Саусаң, сүті шықпайтын
Ақша деген мал шықты.
Ат жекпесе жүрмейтін,
Жүрсе, көзі көрмейтін,
Тарантас деген ат шықты.