КӨҢIЛIМ, ЕНДI САБЫР ЕТ!
Бiсiмiлла, рахман-рахим!
Болмады төмен назарым,
Жер жүзiне жайылды
Насихат болып ғазалым.
Дүнияның мен көрдiм
Неше қызық базарын.
Құрбымен қатар жүргенде
Кейiн қалып, шiреттеп,
Кемiмедi ажарым.
Қалам алсам қолыма,
Сынаушы елiм Нұржанның
Бiлушi едi жазарын.
Аударылған дүнияның
Кешегi кезде аспанға
Шығарып жүрдiм тозаңын.
Көңiлiмдi мен бастым,
Бұрынғыдан желдеген,
Еркiмше сайран етiп ем,
Бақшада неше гүлдеген.
Кездерiм де болды ғой,
Еш бiлiмсiз жүр деген,
Көңiлдiң қазын ұшырып,
Бұл күндерде Нұржанның
Заманы қалды телмiрген.
Баса алмадым көңiлiмдi,
Бiр есiрiк уақыттың
Желiгiмен мақтатып,
Кездiм елдi ақтатып.
Ең болмаса қалмадым
Абыройымды сақтатып.
Ұят-ардан кетiртiп,
Жiгiттiкке есiртiп,
Көз алдыма елестеп,
Айдаған күндер топтатып.
Көңiлiм, саған өкпе жоқ,
Дегенiмдi еттiрдiң.
Қол тиiп мұрат бiткенше
Ұятын беттiң төктiрдiң.
Һауаңа менi мас қылып,
Буыңа жаман кептiрдiң.
Көңiлiм, ендi сабыр ет!
Әуре болып желiкпей,
Жалаңаяқ шық басып,
Көрiнгенге қол созып,
Жүгiрдiк құстай елiктей.
Жел шығатын кез болды,
Далаға басқан көрiктей,
Барады ұқсап iстерiң
Шайтанға болған серiктей.
Ақыл жеңер кез болды,
Тоқталуға нәсiп ет,
Бiз кетпесек елiкпей.
Асық ойнап бұл Нұржан,
Бала да болдық бiр шақта,
Еш нәрседен хабарсыз.
Жақсы әдеттен бихабар,
Iстер iстеп ұнамсыз.
Атқа мiндiм он бесте,
Дүнияға алаңсыз.
Ойын да күлкi, ат жарыс,
Әуес қылып әрбiрiн,
Жүре алмадым құмарсыз.
Жылатып, бiрде күлдiрiп,
Дүнияны мүлде бүлдiрiп,
Не қылмадық бiз арсыз?!
Еркiмен жүрдiм көңiлдiң,
Қайда жаман iс болса,
Iшiнде соның көрiндiм.
Қайда болса тамаша,
Iшiне барып ән салып,
Өлеңменен күлдiрдiм.
Шаруа жөнiн ұстамай,
Қызық көрiп осыны,
Өзiмдi өзiм бүлдiрдiм.
Көңiлiм, маған ырзасың,
Айдын көлдiң iшiнен
Лашынды, сұңқарды
Таңдап жүрiп iлдiрдiм.
Болып жүрдi бiр шақта
Екпiнiм менiң дауылдай,
Жастық шiркiн көтердi,
Пәле келсе басыма
Қырғыздың ала қауынындай.
Дүнияда қиын сол екен,
Ерегессем бiреумен,
Жалғыздық түсiп басыма,
Бұзыламын сабындай.
Ойлатпайтын аздықты,
Лепiлдеген жiгiттiк,
Барасың өтiп сағымдай.
Жиырманың iшiнде
Қалушы едi қолымның
Тиген жерi талқан боп,
Белсенiп түстiм майданға,
Ешбiреуден жығылмай,
Кiсiден тiзе бүккем жоқ
Жiгiт боп жүрген шағымда-ай!
Жасым асты елуден,
Бұрынғы қызық күндердi
Жүремiн не қып сағынбай?
Кешегi өткен кездерде
Бар едi қызық күндерiм,
Жиырманың iшiнде
Орынсыз iске сарп еттiм
Жiгiттiк қайран күшiмдi.
Балалықтан басылып,
Қалыпқа түсiп бiр түрлi,
Жүрмiн деген Нұржанның
Бар ма едi, сiрә, есiнде.
Бұлтсыз өткен дауылдай.
Барасың өтiп, жiгiттiк,
Семiрiп, пiсiп буыңа,
Көрiнгенге талпынып,
Баулыған құстай елiктiк,
Жиырма бестiң қызығы
Шапқан аттай зырқырап
Өтерiн бастан бiлiп пе ек?!
Ойға алмадым еш нәрсе,
Алды-артымды шамалап,
Кешегi кезде мастықпен,
Жiгiт жинап әр жерден,
Топырлатып күн-түнi,
Тамаша көрiп осыны,
Ауаланып, желiктiк,
Бiрте-бiрте азайтып,
Ретсiз қылған iстердi
Бұрынғыдан кемiттiк.
Миым қатты ойлаумен,
Ой орнына келе алмай,
Жүремiн ептеп сыйлаумен,
Көңiл жүйрiк, тiл орақ,
Тоқтатып бүрдiм байлаумен.
Пайдасыз сөзiң, мысалы,
Тойдыра ма құрсақты
Дамылсыз сағыз шайнаумен.
Дертке дәрмен табылмас,
Себебiн толық сайламай,
Құр көңiлдi айдаумен.
Өтпесiн күнiм дүниядан
Басына пайда, жұртыңа
Қорғаны жоқ милаумен.
Ақ қағаздың үстiнде
Жортақта, қалам, сүрiнбей,
Бұл өлкеде қалған жоқ
Нұржанның сөзi бiлiнбей.
Тыңдауға қарсы кеңес аш,
Зейiн салып, ерiнбей.
Бiрдi екiге жазып бер,
Бойыңды бұлдап керiлмей.
Домбыра алып соғады
Сөз жүйесiн келтiрiп,
Атақты жүйрiк бiрiндей.
Тыңдарлық асыл сөз болып,
Жазылып қалсын кiшкене,
Аударып көңiл ынтызар
Бетiн түрлi кеңеске,
Сонарда жүрген iздей қып,
Анықтамай көмескi.
Ұлағатпен тура келтiрген,
Iшiне қоспай сөз ескi,
Қандырмай қойма құмарын,
Кiсiдей сауған тел ешкi.
Мың сан қолдан озатын,
Тұлпар мiнген кiсiдей,
Шығарып тоқта белеске.
Дүнияда сайран қылатын
Жiгiттiк, қайран, күнiм-ай!
Жазым болып кеткен жоқ
Көздеген оғым дарымай.
Сұлу қылып баққанмен,
Қазанат шаппас арымай.
Мұратқа оңай жетпейдi,
Қынапта жатып кернеген
Болат өтпес жанымай.
Ақсұңқар құс жем тiлеп,
Тұғырда тұрып қаранған.
Байлаудағы қазанат
Түнекте тұрып күн көрмей,
Шылбырына оралған.
Ер белiне жарасар
Асылған қылыш жаланған.
Жолдастың ерi таптырмас
Тар жерлерде сыналған,
Дертi кетпес көңiлден,
Достан дұшпан табылмас,
Бiрге жүрiп, сыр алған.