03.10.2022
  121


Автор: Нұржан Наушабаев

ЛЕПІРГЕН КЕЙБІР ЖІГІТКЕ

Атқа мінсең наз бедеу,
Қапалы көңіл ашылар.
Кем болмаса тумысың,
Қатарға басын қосылар.
Әдеп, ақыл, білімді
Үйреніп ешкім тумайды,
Көруменен ысылар.
Ілгері Тәңірі бастырса,
Өнерін күн-түн асырар.
Бақ қалаған жігітке
Таңдап мінсең бедеу ат,
Көңілдің күбі шешілер.
Бекзаданың белгісі –
Ашу болмас бойында
Жібектейін есілер.
Жамандардың қалыбы –
Кемдік беріп талапқа,
Көңіл зауқын өшірер.
Сыр сақтамас ішіне,
Көрінгенді дос көріп,
Һауи мисыз жігіттер
Басына елді көшірер.
Өңкей қалың бедеу ат
Міңсең белі талмайды.
Қара нарға жүк артып,
Айдасаң шөлге қасқартып,
Шалдығып жолда қалмайды.
Ертеңнен кешке шапсаң да,
Шабыстан тұлпар таңбайды.
Мәрт жігіттің белгісі –
Бір қалыбын өзгертіп
Жеңіл сөзге азбайды.
Нәмәрттардың ісі бұл –
Білмеген ісін білем деп,
Өзінің сөзін дұрыстап,
Қыңырайып болмайды.
Міңгірге еткен қызметің
Тек қана жори болған соң
Бір тиынға тұрмайды.
Заман ауып мүбәда,
Қолынан бір іс келсе егер,
Ешкімге мойнын бұрмайды.





Пікір жазу