03.10.2022
  122


Автор: Нұржан Наушабаев

ЗАМАННЫҢ ҚАЛПЫНА АЙТЫЛҒАН СӨЗДЕР

Ниет һәм құлқы бөлек әр адамның,
Әй, Нұржан, мұнан басқа жоқ табарың.
Мінәжат әр нақылдан жазып қара,
Қалпына лайық етіп замананың.
Жаңбыр жаумай, күн күркіреп, жерді алдап,
Қатын үйде тыста жүрген ерді алдап.
Қалайы, мыс, алтын, күміс зерді алдап,
Бағасыздың бағалы болған заман-ай!
Арзан менен қымбаттың
Бағасының бір болып,
Қатар жүрген заман-ай.
Қыран құстар қыр аспай,
Қарға кіріп қатарға
Қуды ілген заман-ай.
Тұлпар кірмей дүбірге,
Мәстек шауып бәйгі алып,
Озып жүрген заман-ай.
Жүн жібекке теңеліп,
Асыл барқыт берендер
Тозып жүрген заман-ай.
Білмесе де ойменен
Білем дескен заман-ай.
Өтірік күлкіге үйреніп,
Бірін бірі көргенде
Елеңдескен заман-ай.
Ортаға салмай сөздерін,
Бармақ басқан қағазын
Сәлем дескен заман-ай!
Бұлт шалып мұнартқан
Асқар биік тауларың
Төбе болған заман-ай.
Асфаһани қылыштар
Қынабынан суырылмай,
Көне болған заман-ай.
Наз бедеуден жал кетіп,
Мәстектердің сүбесі
Сере болған заман-ай.
Аққу қалып қатардан,
Айқай салып тырналар,
Төре болған заман-ай.
Шаңқан боздың өзгеріп,
Тозаң басып жауһарын,
Қара болған заман-ай.
Мылтық тимей дыбыссыз,
Дақ түспеген көңілді
Жара қылған заман-ай.
Тар орында бас берген
Қандай қымбат достарың
Жада болған заман-ай.
Ердің аты шалықса,
Бір нәрседен тарықса,
Сырттан тұрып мысқылдап,
Таба болған заман-ай.
Қанат байлап қуса да
Жеткізбеген заман-ай.
Еш пенденің мұратын
Біткізбеген заман-ай.
Болдың ба деп уақытын
Күткізбеген заман-ай.
Ұмтылса да көңілі,
Ойлағанын ешуақыт
Еткізбеген заман-ай.
Ерлер қамал бұза алмай,
Тайдан құнан оза алмай,
Өрге таман жүзе алмай,
Ақ сұңқарды жапалақ
Алып жүрген заман-ай!
Ерлер болып келеке,
Малдан кетіп береке,
Ойын, қызық мереке
Кеміп жүрген заман-ай!
Қой зор болып түйеден,
Құл зор болып иеден,
Сөз табылмай жүйеден,
Парықсыз болған заман-ай!
Арғымақтан жал кетіп,
Тоғайлардан тал кетіп,
Ер жігіттен мал кетіп,
Әрбір түрлі заттардың
Солғын тартқан заман-ай!
Мәстек озды арғымақтан бәйгі алып,
Тайыншалар ақша болды, тай қалып,
Тұра берген бекзадалар жай қалып,
Болмағандар бола қалған заман-ай!
Лашын өрлеп ұша алмай,
Ер майданға түсе алмай,
Үлкеннің тілін кіші алмай,
Қажып тұрған заман-ай!
Ісің түсіп батылға,
Ақыл түсіп қатынға,
Базынаң жүрмей жақынға,
Азып тұрған заман-ай!
Арақ-шарап ас болып,
Кіші үлкенге қас болып,
Қурайлар да бас болып,
Тозып тұрған заман-ай!
Ақсақалға іс түспей,
Батырларға күш түспей,
Сыбырлаусыз іс піспей,
Ер қайраты жұмсаусыз,
Налып жүрген заман-ай!
Талапты ердің талабы
Қалып жүрген заман-ай!
Қазақшылық әр түрлі
Нұсқа қалған заман-ай!
Көлдің қиқуымен қаздар серіліп,
Көл құмадан, құма көлден жиреніп,
Сатып алып хакім болып керіліп,
Мисыздардың билік айтқан заманы-ай!
Досқа достың сенімінің жоқ болып,
Қанағатсыз байдан жарлы тоқ болып,
Құзғындарша алданғаны боқ болып,
Әуре-сарсаң болып жүрген заман-ай!
Бірін бірі мұқатам деп шабысып,
Алты шыны пивоменен табысып,
Байлауы жоқ сөзбен жүрген заман-ай!
Бір біріне көңілдерін қарайтып,
Аз өкпені көлдей қылып зорайтып,
Пиво ішкен соң ит пен құстар жөн айтып,
Қол ұстасып, қош-қош дескен заман-ай!





Пікір жазу