ҚЫРЫҚ ПАРЫЗДЫҢ БАЯНЫ
Болғанда ақыл опа, көңіл ғайып,
Сұрар деп әр ісіңді кетпе азып.
Келтіріп қиюына, сөзді байлап,
Әй, Нұржан, әрбір қисса жүрсің жазып.
Өнерің ілгері асып, жүрсің баспай,
Өзіңнің қамыңды біл сен, адаспай.
Бұл күнде білім тауып ешкім болмас
Әбу, Ғали, Аплатон, Ристалыстай.
Әуелі инан, ораза, намаз, зекет,
Сен бұған, бір Аллада сол берекет.
Әуелі инан жаратқан Тәңірі бір,
Болды кітап: пайғамбарым инан қыл деп.
Он екі парыз осы, білсең, пәнда,
Ықыласың, көңілің болсын онда.
Үшеуі ғұсылда, төртеуі таһаратта,
Және де төрт парызы таямумда.
Нәжісті, халың келсе, бойыңнан қу,
Уақытында даяр болсын ғұсылыңа су.
Формына барша дүниенің су атасың,
Әуелі ауыз шай да, қолыңды жу.
Дұрыстық айырылмаңыз міндетіңнен,
Табарсың не тапсаң да ниетіңнен.
Кәміл деп мұны-дағы білмек дұрыс,
Сұрайды төрт парызды дәретіңнен.
Әуелі жүзіңді жу ашық қылып,
Өзіңді Хақ жолына ғашық қылып.
Қол-шынтағың, аяғың мен дұрыс жуып,
Басыңның төрттен біріне мәсіх қылып.
Жігіттер, Алла білер, болса мінің,
Иманмен өтсін дей көр ақыр демің.
Сөзіңде намаз қаза болмастықта,
Парызын түсіндірейін таямумның.
Пірәдар, расулға үмбет, Хаққа құлсың,
Әуелгі ниет – таза жерге қолын ұрсын.
Үшінші – екі қолымен жүзін сипап,
Төртінші – білектеріне мәсіх қылсын.
Ықыласпен Хақ жолына болған іңкәр,
Жеткізер падишаһым – пәруәрдігер.
Бірі – ілім іздемек қырық парыздың,
Екеуі – әмір мағрұф, наһи мүңкәр.
Хал-қадір сөз тыңдатар досы болса,
Араздық екі мумин ісі болса.
Қайтарып, ізгі жолға салған дұрыс,
Қалып еткен жауыздықты кісі болса.
Жолына ақыл шарғи кім тоқтамас,
Даналар ғылаф іске бұлғақтамас.
Көңілі ізгі шын мұсылман ашуы ұстап,
Ешуақыт қандылықпен кек сақтамас.
Түсіңсең, келе жатыр сөз басынан,
Жақсы-жаман табады әркім ықыласынан.
Бұйырған бір адамға қырық парыздың
Сұрайды екі парызын ұрғашыдан.
Бұл парыз балих болған әркімге хас,
Хаққа құл, әй, мүминдер, тартпағын бас.
Әруақыт тазаламақ ................................
.......................................... хайыз-нифас.
Бітір деп қырық парыздың жазып бәрін,
Құдірет көрсетеді ғажайыптарын.
Тәмәм айт хал-қадари, әй, әпендім,
Мустаһаб, парыз, сүннет, уәжіптерін.