Мінәжат
Ықтияр пиғыл бердің пендеңе,
Қарсылық кылып, етпе мені мүбітала.
Бір нәмартқа қадір білмес телміртіп,
Пендеңе қор ойламағын, Раббым!
Дүнияны фәни өткіздік арманмен,
Ешбір мұрат табылмайды тұрғанмен.
Көріп көздер келе жатыр әрбірін,
Бір шайқалып кете бермес толғанмен.
Раббымсың! Ырыздықты өзің беруші,
Не халімде екенімді білуші.
Бір өзіңе зар илеген мен ғаріп,
Әрбір іске разы болып, көнуші.
Тілегімді ойла, Раббым, ижабат,
Жауыздардан жұқтырмағын кесапат.
Лақабыңды мәшһүр етіп халыққа,
Абыройыма айла-кәсібің хұсынат.
Ғафіл өттік болып надан,
Хаққа қылғын зар-фаған.
Өзгерілмей бір қалыпта тұрады
Деме һәмма бүкіл бәдән.
Бір-біріне болды серік,
Қолыңда тұрмас бұл тірлік.
Семіртпей нәпсі ханасында,
Шамаңша қылғын ізгілік.
Кетер босқа айтқан сөздер,
Ғафілікпен жүрдік біздер.
Дүнияның әр істерін
Келе жатыр көріп көздер.
Сөзімде менің мағына бар,
Мүсәлаф еткен Алла бар.
Кемдікте қалма рәсуа боп,
Тұрғанда баста ықтияр.
Көңілімде көп-дүр дақтар,
Ғарыптың зары етіп ағылар.
Асыл сөздің біліп қадірін,
Фұрсат етсе, аңғарар.
Бұл дүния бір фәни нәрсе,
Шіріксіз болмас еш пенде.
Нешік Һәріф болар дұрыс,
Егер ғадин би айырылсаң.
Дос па сырттан жамандаса,
Болса қата, жаба алмаса.
Жауһарыңды мыс қылу ынсат,
Егер қадірін біле алмаса.
Бір адамға бітсе дәулет,
Һәммасына болар міндет.
Жақсыдан ғибрат, байлардан
Көтерілді рахым, шафғат.
Сөзімде жоқты ұғалат,
Достықта емес әдат.
Дертіне табылмас дәрмен,
Зар илесең жүз қабат.
Көңілде достық жоқ зәрә,
Бұлай болған соң не шара?
Қабыл болмас етпесең,
Жүз төмен ойласаң нала.
Талабыңды кемітпегін,
Нық ісіңді зор қып тапқын.
Қалыбыңды өзгертіп, Раббым,
Достарымды түңілтпегін.
Қадірімді зая етпегін сен
Көңілі соқыр көрлерге.
Ықылас, иман бер басыңды
Құрмет еткен ерлерге.
Дос екен деп салма жүзің,
Бір жаманға телміртіп.
Аңдамасаң, етпес қабыл,
Көңіл зауқын сөндіртіп.
Жаман достан ешуақыт
Таба алмассың рақат.
Ойламаған жерден салар
Көңіліңе жарақат.
Жазды Нұржан бір ғазал,
Анық-дүр тағдыр әзал.
Тілегімді кемітіп, Раббым,
Дұшпандардан берме азар!
Бұрынғы өткен мәснафым,
Қалды кейін қаталары.
Нәсіп еттім бір мінәжат,
Қозғалып көңіл қапалары.