ЖАПАНДА ЖҮРМІН ЗАУЛАП ОРКИІКТЕЙ
Жапанда жүрмін заулап оркиіктей,
Сағымдай ұшқан тозаң көзге ілікпей.
Ия жақсы, жаман болсын, жігіт адам
Кете ме жиырма бесте бір желікпей.
Өткенін жиырма бестің білмеген көп,
Қызықты үйден шығып көрмеген көп.
Өткізіп қараңғымен бар өмірін,
Бас болып мәжілісте жүрмеген көп.
Біреу мәз дүния көрмей өскеніне,
Көжені аяқ-аяқ ішкеніне.
Ошақтың үш бұты деп отырады
Оранып от басында бөстегіне.
Атаққа жүріп-тұрмай ілінбейді,
Өзіне ерсі істері білінбейді.
Алмай-бермей, сүйкенбей өскендігін,
Кейбіреу осыны зор білім дейді.
Білмегеннен білім жақсы біліп жүрген,
Келіспейді біреуге сеніп жүрген.
Адамнан біреуге опа табылмайды
Мысқылдап, кісі артынан күліп жүрген.
Қасқырмен қойды қорғап ала аламайсың,
Иттер көп бет алдына үріп жүрген.
Һауам бұл халайықтан көп табылар,
Хайуанша бетіменен жүріп жүрген.
Кейбіреулер қылып жүр жерді шарлап,
Адасып даңғыл жолдан көріп жүрген.
Асыққаннан құп артық төзіп жүрген,
Ұрыс-қағыс, жанжалдан безіп жүрген.
Көңілдің жарақатын бүтіндемес,
Кінә қуып, жоқ сөздерді тізіп жүрген.
Адам көп білмесе де білемін деп,
Сөз емес сөзді сөз қып езіп жүрген.
Қосылмас артық сөзге білген адам,
Текке жүрмей соқтығар бүлген адам.
Біреудің ғайбатына кіріспейді
Жақсы-жаман әр істі көрген адам.
Түбінде бір кесапат көрмей қалмас
Білімсініп, біреуге күлген адам.
Жеңіл сөзге желігіп, һауаланбай,
Абзал-дүр сабыр етіп, көнген адам.
Қымбатты арзандаған қайдан білсін,
Шарт жұмып екі көзін жүрген адам.
Айт дегенде жүгірген ит секілді,
Дос-дұшпанын айырмай ерген адам.
Басына пайда, жұртына қорған болмас
Жәбірлеп, ұсақ сөзді терген адам.
Кейбіреу өз ойымен біліп жүрер,
Сөзбенен көрінгенді іліп жүрер.
Жығылып жатып сүрінгенге күлгенге ұқсап,
Жүргенде-ақ білемін деп болып жүрер.
Орта жақсы келіспес өте білген,
Жарамайды бетімен кете берген.
Көзің салып қарасаң, тіпті адам жоқ
Ойлағанын өне бойы ете берген.
Бәрін өзім болдырам деп жаныққанша,
Абзалы, істі Алладан күте білген.
Халықтан ұят, және келіспейді
Тілімен орақ орып, сөте берген.
Ұстаусыз пайда болмас көргенменен,
Жария етпей құр білімді жүргенменен,
Ешуақыт тұқым шашпай болмайды егін,
Көрінбес зайғы білім білгенменен.
Жақсы атақ табылмайды халық ішінде,
Жәбірлеп, ұсақ сөзді тергенменен.