ҰЙҚЫҢДЫ АШ!
Ұйқыңды аш, оян, Нұржан, көтер басың,
Ғапыл боп мұнша өзіңе бар ма қасың?
Көңілдің биіктегі аш сандығын,
Томпиып неге текке отырасың?
Білулік қиынырақ сөздің парқын,
Құдайға тапсырамын істің артын.
Ісімді паш етем деп аз айналдым,
Бақыр шықпас орнынан қазып алтын.
Бір іске қойса пенде шын ықыласын,
Фаһімлап білу ынсап сөз арасын.
Елігіп, жас халінде отырар ма,
Торғайдың тұзағына түсіп лашын?
Қалың көп не таба алмас бишарадан,
Жазира, су шыға ма сахарадан.
Күй күйлеп, мағзуматты жыр жырлаған,
Ибн Мәлік деген шығып сахарадан.
Ғажайып қалдырды көп қымбат әсер,
Сөзін өткір ойлады, өзін нишәр.
Мәселен, сен де осылай нысап етсең,
Әркімдер ғибрат қылып, көңілін ашар.
Сапар алыс, ынсап қыл, Хақтан ұял,
Адасқанмен адаспа, қайтып орал!
Хауіпсіз, еш хабарсыз жүрмей айнып,
Атағына лайықты бір орын ал.
Қазақсың егер өзің Алаш болсаң,
Өзіңнің атаң хазірет Әннас болса,
Әй, Нұржан, жаз дәптерге, көрсетерсің,
Мүбада бір бас қосқан талас болса.
Хақ жолдан орнымыз жоқ тоқтап қалған,
Кәмілміз ықтиқатты нықтап қалған.
Расулға иман келтіріп, Алла бір деп,
Үмбетіміз деп сәлемін сақтап қалған.
Хазірет Әнас сахабадан қалған текпіз,
Күнелткен сахарада өзі бекпіз.
Шәһарлы халықтай бөтен айыбымыз жоқ,
Өнер, хайла, қулыққа кемірекпіз.
Сонда да Хақ жолынан адаспадық,
Бәйітпен бөтен түрлі жол ашпадық.
Пайғамбар хақ, жаратқан бір Алла деп,
Батыл дін ұстағанға жанаспадық.
Жол ашты шарғиға да Әзірет Әлі,
Дүлдүлмен кезді қанша дүнияны?
Әуелден хақ дінді ұстап біз келеміз,
Кезінде бәрі де алған сыбағаны.
Мұнан соң Сейітбаттал Румды алды,
Халифа тұрып, Стамбул орынды алды.
Және шықты сұлтан Мұхамбет, Ақсақ Темір,
Дүнияға келе қоймас осындай ер.
Осы сахиб қырандар заманында
Түзеліп қалды қанша ел менен жер.
Бір әскер дүнияны кезіп жүрді,
Мойынын дұшпандардың үзіп жүрді.
Қай шаһарды алғанын соғыспенен
Дәптерге жазып, бәрін тізіп жүрді.
Бұлғар, Рум, Самарқант, Бұқарада,
Дін Исламға зор қуат берді Құда.
Қорқыныш, насихатсыз қадимынан,
Біз келеміз өзгермей сахарада.
Ноғай, естек, қазақ, сарт – әр түрлі зат,
Берілді Дін Исламға хақ шариғат.
Муштахит, ғалым, ишан болмаса да,
Хамд Алла, мықты болды бізде ықтиқат.
Түрік, араб, парсы – һәммасының мақсаты бір,
Сонда да әрқайсында басқа лұғат.
Мақтану орны ілгері бас қосқанда,
Ахіл сүннәт, дін қарындас, әй, жамағат!
Төмен түсіп, тосуы қиын емес,
Қапшықты жамамасақ қабат-қабат.
Фарыз, уәжіп, сүннәт бар қанша салих,
Зор дәулет – тәмәмдасақ, біліп анық.
Шарттарды осындағы ада қылмай,
Болмайды жай жүру де мұсылмандық.
Алайда ғибадатты көп еттім деп,
Зор хауіп – һауаланып, мақтанулық.
Бір мысал, көкке ұшты кереметпен,
Көп жүрген шариф жерде зияратпен.
Құдай өзі сақтасын, ақырында
Дүниядан кете алмады бұл құрметпен.
Бір Алла – Дін Исламның сыйынуы,
Шын қиын ақтиқатпен бағылуы.
Қарауға халық көзіне қойдан көрі
Ерсірек түйе тайып жығылуы.
Адамнан неше түрлі табылар іс,
Ишан кәміл бола алмас тазармай іс.
Кемесіз ия қайықсыз түскенменен,
Теңізден құлаш ұрып шығуың күш.
Муминның ғибадатын етсін қабыл,
Біртүрлі нақыл сөзге келейік қош.
Пендеге Құдыс, Шам, Мысыр, Үндістанмен,
Көрдім деп айтар молда хадисте мен.
Мәдина, Мекке, Стамбұл, Бұлғар, Өзбек,
Ташкенде, Бұқара, Үргеніш, Түркістанмен.
Бәрінің қолданғаны Құран-шәриф,
Оқыса көңіл тазарар бек ағарып.
Мағриф пен Машрықта басылса да,
Ия артық, кем болмады жалғыз әріп.
Зор дәлел сөйлесең де мұсылманға,
Сансыз шүкір үмбетке қосылғанға.
Өзгерілмей қайтадан тұрғандығы,
Ахіл-Ислам зор сүйеніш бұл жұмлаға.
Кімде-кім сөзге тоқтар болғаны рас,
Күнәдан Ғафур-рахман етсін халас.
Иншалла, дәлелдер көп қарсыласар,
Егер де дін хақында болса талас.
Кетемін қалам алсам қызыңқырап,
Тастайын қол тигенде жазыңқырап.
Түрленіп күн-күн сайын бара жатыр
Жақсылықтан жамандық ұзаңқырап.
Сауыты фітнәліктің жаңғырып тұр,
Ізгіліктің қапшығы тозыңқырап.
Қапшықтың жарар еді тозбағаны,
Ғалымның тілегі – Ислам азбағаны.
Ұстасақ бақыр ғамғин Бәдуамда,
Қалған жоқ мәсінафтың жазбағаны.
Бәрін түгел етерге күш келмейді,
Білсек те жарар еді аз ғананы.
Жарамды Құран хафиз, қари болса,
Елге бір Бұқараның ханы болса.
Қосылса ғажап емес ұлылыққа,
Нәпсіге аумай тұрар халі болса.
Көкке ұшқан кереметтің бәрі бекер,
Егер де ықтиқаты жария болса.
Тағдырға жазған істен бас бұра алмас,
Оқыған ілім нәджім, жады болса.
Бітіріп он екі пән, дәріс етсе,
Кітап жазып, дәлелмен хадис етсе.
Көбінесе осыменен таралады
Насихат, уағыздарын табыс етсе.
Наданға сөзім шығын болады деп,
Молдаға жарамайды намыс етсе.
Түсіндіру қауымға мықты парыз,
Шарғидан егер көңілін алыс етсе.
Ешуақыт пенде мұрат таппай қалмас,
Құдаға шын ықыласпен қалыс етсе.
Бұйрығын етпей болма Хақтан алыс,
Жолбасшысы кім болса, соған жабыс.
«Әл-ғұлама-ә-уәрәсәтул-әнбия» – деп,
Пайғамбар ғалымдарға айтқан хадис.
Шарғиды жүргізбесе молдаға обал,
Надандар айыра алмас харам, халал.
Құмнан арқан ескенмен бір секілді
Шарттарын дұрыстамай еткен амал.
Кәмәлат ешкім таппас ізденбестен,
Алланы пенде болсаң, шығарма естен,
Жақсылық пен жамандық, айтқан сөзің
Дәптеріңе жазылар шықса да естен.
Аһ ұрып, санын соққан неше ерлер,
Ғапыл боп жүремін деп ескерместен.
Дүниенің фітнәсіне шомылдырар
Азғырса егер кіріп Ханас іштен.
Ерік берме Хақ жолында, ұр құлашты,
Осындай тұрғаныңда келіп көштен.