03.10.2022
  170


Автор: Нұржан Наушабаев

ЕР ҚАДІРІН ТАР ОРЫНДА БІЛЕРСІҢ

Мәрт жігітпен жолдас болсаң, күлерсің,
Әрбір түрлі тамашаны көрерсің.
Кеңшілікте мен жаман деп кім айтар,
Ер қадірін тар орында білерсің.
Жігіт адам ілінеді өсекке,
Ақты шешер пәлен-түген десек те.
Кем ақылдың әр нәрсесі кем болар,
Күміс тұрман жарасар ма есекке?
Құс баласы Қырымнан көздеп қарайды,
Өлмесеңдер көрерсіңдер талайды.
Сол сықылды жамандардың пиғылы,
Күшім десең, ит өзіңді жалайды.
Сол сықылды жамандардың істері,
Кекигенмен киіз болар тістері.
Ықыласпен еш адамға дос болмас,
Тілі жұмсақ, қатып тұрар іштері.
Кейбір бекзат топтан торай шалдырмас,
Кейбір жігіт адам көңілін қалдырмас.
Көңілі соқыр кейбіреудің көзі ашық,
Әр кез ойлап достың ісін тыңдырмас.
Жолдасына қас сағынған жігіт пе,
Дәулет жоқ деп ер жігітті кемітпе.
Күле кіріп, күңірене шықса егер,
Ерте сақтан, ондай ерді ерітпе.
Жаман адам мұратыңды білгізбес,
Бекзадалар дұшпан оғын өткізбес.
Таңдап жүріп сүйгеніне қонады
Бақыт деген бір ұшқан құс жеткізбес.
Сөзім жақсы зейін салып білгенге,
Ғибрат тұр оқып мұны жүргенге.
Ер жігіттің не нәрсесі кемиді,
Дұшпандық қып, итше соңнан үргенге.
Нәмартпенен еш мұратың бітер ме,
Достық айтып, жолдасқа опа етер ме?
Бір Құдайдан бұйрықсыз еш болмас іс,
Айтсаң оны аспанға ұрып жетер ме?!
Ақымақты болмайды екен үйретіп,
Дүниені жіберсең де билетіп.
Мәрттарменен жолдас болып, бас қоссаң,
Арқасына жүрер салып сүйретіп.
Жаман адам әуре болар білдім деп,
Мазаңданар аяғыңнан ілдім деп.
Бекзадалар қашан жаны шыққанша,
Сыр білдірмес сенің үшін өлдім деп.





Пікір жазу