03.10.2022
  123


Автор: Нұржан Наушабаев

БАЯҒЫ ЕРЛЕР ҚАЙДА?

Әй, Нұржан, қаламыңды қолыңа алшы,
Тоттанып, кіршік басқан көңілді аршы.
Елу үш жасқа келдің, кәрі тарлан,
Қимылда, қалған жоқ па бірер тамшы?
Тозаңы отарбаның түтіндейді,
Жүйріктей шабатұғын тимей қамшы.
Құнан жоқ бәйгі әперер тайдан озып,
Сен-дағы алды-артыңа қарасаңшы.
Әр түрлі тілек-мақсат бар болған соң,
Көңілде сайран етер хал болған соң,
Саудасын жігіттіктің босқа өткізбе,
Күркілдеп отырарсың шал болған соң.
Еш әсер таба алмассың қарманған соң,
Көңіліңді кіршік басып, шаң болған соң,
Талабым халыққа ғибрат таратпақта,
Ойда фаҺім, тілде сөз бар болған соң.
Қуған да Аллалайды, қашқан-дағы,
Белгілі әр адамның баспалдағы.
Халінше ырзық іздеп, күн көріп жүр,
Жан иесі құрт-құмырсқа, тышқан-дағы.
Жайған торға іліккенін білмей қалар
Ақиық қыран құстар аспандағы.
Солардың қатарында халіміз бар,
Мақтанарлық не жай бар достан-дағы.
Қолға алдып пайдаланар, не айтарлық,
Белгілі үлгі бар ма ұстар-дағы.
Әуелден бойға сіңген арсыздықты
Қалып жоқ жиіркеніп тастар тағы.
Көңілде болса сана нық ұстарлық,
Артығы артты мықтап қысқан-дағы.
Кәнеки, ұра беріп тапқанымыз
Жүйрік мініп, сұлуды құшқандағы.
Кең құрсақ билер қайда сөз бастайтын,
Баяғы ерлер қайда қол бастайтын?
Ел күйігін, халық намысын жібермейтін
Ақылмен адам қайда ел ұстайтын?
Дәріс айтып, шәкірт жиып уағыздатқан,
Шарғилы ғалым қайда дінді ұстайтын?
Үлгілі тақтақ, шешен жүйріктер жоқ,
Адасқан сөз ия кеміс мінді ұстайтын.
Атақты шынжыр балақ хандар қайда,
Өзіне лайықты теңді ұстайтын?
Қалтақтаған ұшпалы заман болды,
Қайдағы бір нәсіліз құлды ұстайтын.
Атақтарын зорайтып мәнісі жоқ,
Бақсыларға ұқсадық жынды ұстайтын.
Ер жігіт дүнияны көргені артық,
Жалғанда не бар-жоғын білгені артық.
Түскендей аспан жерге іс болса да,
Бел байлап, «Тәуекел!» деп төзгені артық.
Кедейлік, атың жаман, түсің суық,
Дәулетке жете алмайды пенде қуып.
Ер жігіт тоны келте, қолы қысқа,
Қажып жүр кейбіреулер әлі құрып.
Үйіңе құрбың келсе қонақ болып,
Кеңесіп отырасың ойнап-күліп,
Беруге қонақасың болмай қалса,
Ылажсыз отырасың дымың құрып.
Болар іс болмай қалмас бекінгенмен,
Пайда жоқ өткен іске өкінгенмен.
Қимасаң қайтер дейсің, жасың жетті,
Жар құламас бір лақ секіргенмен.
Бірі де көңілімде жоқ білгенімнің,
Жастықта сайран салып жүргенімнің.
Дақ түспей қалмаушы еді, аһ, дариға,
Бүркіттей түскен жері шеңгелімнің.
Қызығы өткен күннің болды қандай,
Құлаш жайып сілтедік қолды қандай.
Бет қайтпай, жігіттікте сайран қылып,
Көңіліміз һауасына толды қандай.
Жат елді бетімізбен жаркешу қып,
Әр жерден қиып жүрдік жолды қандай?
Керекті дүниенің нашасына
Әр топтан жиып жүрдік жынды қандай.
Бейне бір екпініміз болып жүрді
Темір үй, болат кілтті сындырғандай.
Бас қоссақ құрбы-құрдас, шаттанушы ек,
Керекті бір пайдалы іс тындырғандай.
Жастық өтіп, әртүрлі қызық кеміп,
Біз болдық барлық жынды алдырғандай.
Дүния болып кетті тарылғандай,
Бұрынғы дәурен бастан арылғандай.
Он-он бес жігіт ертіп, сайран қылған,
Боламын ол күндерді сағынғандай.
Замандаспен сағынып зауық етуші ек,
Адасып, жаңа жүріп табылғандай.
Бар сырды ақтарушы ек бастан-аяқ,
Бейне бір піскен қауын жарылғандай.
Айырылып тарқағанда қалушы едік,
Неше күн, айлар жүріп сабылғандай.
Өткен күн қайтып келмес, ах, дариға,
Ол күнде бір біріне қадір қандай?
Біз шөктік бұл уақытта нардай болып,
Жүруші ек көңіл шіркін дардай болып.
Құрбының арасында рия жоқ,
Ләззат, тәттілігі балдай болып.
Бұл күнде бетке күліп, сырттан дұшпан,
Бір жүрген замандасың қандай болып.
Күндік жерден жүреді атой беріп,
Көңілінде бір кінәсі бардай болып.
Есебіңе келмесе есепке алмас,
Жорғалап жүрсең-дағы құрдай болып.
Алдау, жеу, бір біріне тағаты жоқ,
Заманның қалпы кетті мұндай болып.
Бұрынғы ата-баба қалыбынан
Таза жүрміз бұл күнде жұрдай болып.
Дүнияда кейбіреулер бай болып жүр,
Көңілі рахатпенен жай болып жүр.
Бағзының көзі көріп, қолы жетпей,
Қасірет дариясында лай болып жүр.
Әртүрлі халық ішінде күй болып жүр,
Ғұмырында көрмеген сый көріп жүр.
Қайырма жаға бай менен жарлы тегіс,
Жігіттер тырна қатар би болып жүр.
Бұл күнде жақсы-жаман бір болып жүр,
Лайықсыз, ұнамаған түр болып жүр.
Болғандарға еліктеп кейбіреулер,
Малынып қара суға, тер болып жүр.
Жақсылықты жамандық жағалап жүр,
Күшейіп күннен-күнге, ағалап жүр.
Бұрын естіп тез біреу сөйлегеннен,
Оны да бір хикметке бағалап жүр.
Білмегенін кейбіреу білмей де жүр,
Алды-артында не барын көрмей де жүр.
Мекіреніп, құр шіреніп тасса-дағы,
Сонымен кісілікке кірмей де жүр.
Кейбіреу өз ойымен тасып та жүр,
Көңілімен қатарынан асып та жүр.
Осының дұрыс жөнін келтіре алмай,
Арттарын жоқ орында ашып та жүр.
Бұл күнде қолы кей ер қысқарып жүр,
Соғысып, дүниемен қасқарып жүр.
Малға сенбей, түгелге сүйенгендер
Әр түрлі жұмыстарын басқарып жүр.
Біреу төмен, біреулер қыр асып жүр,
Шама білген шамаға қарасып жүр.
Өзімен жұмысы жоқ кейбіреулер
Атаның атағымен адасып жүр.
Кейбіреу өз бетімен жүріп те жүр,
Дүниенің әрбір ісін көріп те жүр.
Сексенде сегіз байлық, сегіз жарлық,
Мысалы, кетіп те жүр, келіп те жүр.
Опасыз қалыптарын білмей де жүр,
Көңілі соқыр фәйімсіз көрмей де жүр.
Дерт болса көңілінде, дәрмен керек,
Дәрменсіз ешбір қайрат келмей де жүр.
Дәрменді, мал біткендер ұрлап та жүр,
Өзгелер бір Алласын барлап та жүр.
Еш істі ретіне келтіре алмай,
Кей ерлер дүние үшін сорлап та жүр.
Әр қалып күшті де жүр, талған да жүр,
Адасып қатарынан қалған да жүр.
Көңілі жеткен іске қолы жетпей,
Дариға, кейбіреулер арманда жүр.
Келгендер ісі орнына мақтанып жүр,
Бұл күнде білім, өнер шақталып жүр.
Шаң жұтқан күдірейісіп не саңлақтар,
Межелі жерге жетпей тоқталып жүр.
Өлшеуі дүнияның ақылда жүр,
Дұрыстық рақым, шафқат, мақұлда жүр.
Бақ-дәулет бітсе басқа, көре алмаған
Күншілдік бұл уақытта жақында жүр.
Ғұлама неше түрлі шешендер жүр,
Алды-артын ойламаған есерлер жүр.
Шырмалып әрбір түрлі кемшілікпен,
Кіндіктен арқандалып нешеулер жүр.
Осылай бір қатарда Нұржан да жүр,
Түзелмей әлі күнге бір жан да жүр.
Дүнияның еш қалыбын ажырата алмай,
Бұл күнде біраз қысаң мырзаң да жүр.
Жастықта әркім үміт етіп еді,
Бағамыз бұл уақытта арзанда жүр.
Жауһарды сақтайтұғын орны болмай,
Мәз болмай тірілікте қор жан да жүр.
Көңіліміз баяғы бір қалыпта жүр,
Семіріп, бірде шаршап, арып та жүр.
Қан жирен бозға айналып, тарлан тартып,
Жорғасын бұрынғыдан танып та жүр.
Қырандар күндік жерден көздеп ұшқан
Жұлынып қанат-құйрығы, талып та жүр.
Ғажайып дүнияның әрбір ісі,
Біреу төмен, кейбіреу жарып та жүр.
Қасірет, біреу күні – қараңғылық,
Бағзылар сайран етіп жарықта жүр.
Ешкімнің қалжың сөзін біле алмаймыз,
Тіршілікте семіз бен арық та жүр.
Кейбіреу ұстағаннан айырылмай жүр,
Көңілі нық, еш нәрсеге қайырылмай жүр.
Шын жауһар болат қылыш болмайды екен,
Шапқанмен қия тасқа майырылмай жүр.
Кейбіреу әрбір іске жарап та жүр,
Бел буып тәуекелге талап та жүр.
Өзінің ұшып-қонар жерін көздеп,
Атырапқа қыран құсша қарап та жүр.
Қарауға ешбір бейне мін тақтырмай,
Хандарға қара басын балап та жүр.
Жақсы ата жаман ұлға сор болып жүр,
Атам пәлен еді деп қор болып жүр.
Бір адасып алған соң жөн табар ма,
Тайғанақ, шығар жері қыр болып жүр.
Адамда ақыл кеміп, амалы жүр,
Жылқыда жүйрік кеміп, шабаны жүр.
Бұрынғы, халық сөзіне тоқтайтұғын,
Үлгілі тақтақ шешен шамалы жүр.
Адамның бағзылары билікте жүр,
Қасиет бұл күндегі бірлікте жүр.
Жемін жеп, иесіне бәйгі әпермей,
Шарасыз қу қанжыға жүйрік те жүр.
Билігің өзіңде емес, иеде жүр,
Ақылың болса, Хақтан тіле де жүр.
Зор болсаң әуейленбе зор болдым деп,
Жылдан құр бойға сеніп түйе де жүр.
Дүния ақиретін ойлап та жүр,
Кейбіреу күннен күнге бойлап та жүр.
Құлан орға жығылған жерін көздеп,
Құрбақа құлағында ойнап та жүр.
Біреу тойып, біреу тоңып секіріп жүр,
Біреу бардың берекесін кетіріп жүр.
Ғафылын дүнияның білгеннен соң,
Жақсылар өткен іске өкініп жүр.
Бұл күнде бірін бірі алдасып жүр,
Әдеп жоқ, кіші үлкенге жармасып жүр.
Ойлаған ой-мақсаты болмағанның
Рахаты мехнатымен алмасып жүр.
Адамзат Алла берген нәсіпте жүр,
Біреу төмен, біреуі асып та жүр.
Мұрады болғандар бар, болмаған бар,
Әр түрлі әрқайсысы кәсіпте жүр.
Сайратқан қызыл тілді ақындар жүр,
Халыққа үлгі болған нақылдар жүр.
Ер күтіп, дүниесін орындаған,
Биәдеп істемеген қатындар жүр.
Кей әйел ұят-арын кетіріп жүр,
Күлкімен әр орынға жетіліп жүр.
Кей әйел кейбір күнде, еркек болсын,
Сауабы аз, обал жағын бітіріп жүр.
Бұлт шығып, жаңбыр жаумай, жерді алдап жүр,
Әйелдің айлакері ерді алдап жүр,
Басына сәлде салып, таяқ ұстап,
Риямин надан сопы елді алдап жүр.
Шарғиға жанаспайды еткен ісі,
Мүрит боп қол тапсырған пірді алдап жүр.
Тамыр ұстап, шипа беріп, бақсы болып,
Әуре боп кейбіреулер құр зарлап жүр.
Шайтанның сиқырына алданып жүр,
Халыққа деген атақты малданып жүр.
Көз жұмып, мүләйімсіп, таспих тартып,
Риямин кейбіреулер сандалып жүр.
Ғибадат жағар Хаққа талқыменен,
Адасқан бірге адасып халқыменен,
Жүрсе несі кетеді бишараның,
Әуелде пір тапсырған қалпыменен.
Сөйлеп кетсем түсемін арғы сөзге,
Түсініп ұстамайтын зайғы сөзге.
Осы жерден тоқтатпасам тәмам айтып,
Кіріп кетіп барамын қайғы сөзге.
Біздің сөз әр тарапқа жүр шашылып,
Нұржан да бұрынғыдан тұр басылып.
Бір кетсе тоқтамайтын жүйрік едім,
Көңілімнің сандығының кілті ашылып.
Бұл күнде айналамыз тор болып жүр,
Ойласақ түйеден қой зор болып жүр.
Бар еді әрбір түрлі ғазалдарым,
Ұстаусыз есіл сөзім қор болып жүр.
Құр жерге кем дүниеге от жандырса да,
Болмасты ерікке қоймай болдырса да,
Тағдырсыз қанша айтқанмен болмайды еш,
Сөзбенен құсты жерге қондырса да.
Бұйрықсыз болмас мақсұт ойлап тұрған,
Дариядай болса ақылың қайнап тұрған,
Бұл күнде сақаулардың хисабында,
Бұлбұлдай не шешендер сайрап тұрған.
Баға кем қандай білгір болсаң-дағы,
Тағылым әрбір істен алсаң-дағы,
Неше бап артыңыздан сөз жүргізер,
Білімің Аплатондай болса-дағы.
Мініңді таудай қылып тізер жіпке,
Бой бағып, текке қарап тұрсаң-дағы.
Қиын-ақ абырой артып, халыққа жағу,
Қызмет төбеңменен қылсаң-дағы.
Жалыну, сатынумен күн өткізген,
Әуре боп бұл күнгі жан сарсаңдағы.





Пікір жазу