03.10.2022
  94


Автор: Нұржан Наушабаев

ЖЕТІНШІ НАЗЫМ

Жүйріктің шығар тозаң тағасынан,
Асып сөз айтылмайды шамасынан.
Шапса да қара тасқа майырылмайды,
Сынса да алтын сабы сағасынан.
Асып іс жаман болмас болғанменен,
Тат тұрып, алтын азбас тұрғанменен.
Өткірдің бұрын шыққан қалмайды аты,
Шыбығынан сынғанмен кездік берен.
Не керек алтын тұғыр, лағыл сұңқар,
Қызығын көрсетпесе аққу ілген.
Мінуге әркім әуес есек десе,
Жаманның жаны құмар өсек десе.
Не керек кірмес қарғы, құмай тазы,
Қызығын алып бөрі көрсетпесе?
Жұртта жоқ бұрынғыдай ойын-күлкі,
Болмайды бозбаласыз елдің көркі.
Не керек томағалы қыран бүркіт,
Қызығын көрсетпесе алып түлкі?
Заман да жылдан-жылға болды бұзық,
Қор болды қайратты ерлер туған озық.
Не керек алтын сапты алмас қылыш,
Қынаптан көрмеген соң шауып қызық?!
Адамның құлқы айналды тегіс дауға,
Басыңды жай жүрсең де қоймас сауға.
Не керек толғамалы болат найза,
Қызығын көрмеген соң шаншып жауға?!
Тірі адам жүреді екен өлмеген соң,
Айтайын өлең қылып төзбеген соң.
Не керек түзу мылтықтың бірін құндап,
Қызығын, атып жауға, көрмеген соң?!
Жақсы емес адамшылық білгізбесе,
Қамын жеп, жұртқа пайда тигізбесе.
Жігіттің жеке құрған сәулеті жоқ,
Соңынан құрбы-құрдас ергізбесе.
Толқындап ақыл, үлгі айту қата,
Пайдасын білімінің көргізбесе.
Нақ ісін әулиелер майырмаса,
Көңілді емтихан қып айырмаса,
Не керек ишанмын деп ат көтеру,
Мәреде жамандықтан қайырмаса?
Байыса жан танымас жаман жатша,
Кішік бол, менменсінбей, болсаң патша.
Не керек білемін деп артық сөйлеу,
Айналып қу далаға шапқан атша?
Міндетін артпас пенде Хақтың көрген,
Бұйрықсыз бар ма адам дәурен сүрген.
Не керек құр бектіктің бет алдына,
Нөкерің болмаған соң соңына ерген?
Жеткізбес өткен өмір қусаң-дағы,
Тазармас нәсілі харам жусаң-дағы.
Не керек уәдесіз болғаннан соң,
Атақты қандай заттан тусаң-дағы?
Бұлжытпас мәртебеңді Хақ бермесе,
Жәннат сол – жұрт сөзіңнен жиренбесе.
Әманда қадір тұтып, құрметтегін,
Жақсылық қылғаныңды еш білмесе.
Не керек көршімін деп құр тіл айту,
Соңынан қара болып бір ермесе?
Жұртыңа болып қорған, тіле есендік,
Алдына түсіп мұқтаж, қыл көсемдік.
Құлақ сап халқың тағылым алмаған соң,
Не керек басты ауыртқан құр шешендік?
Кейбіреудің ойларын біле алмаған,
Емтихан айтып, көңілі таңылмаған.
Не керек сырттан білмей, мадақтамақ,
Кісіні сырлас болып сыналмаған?
Жігітті өнері жоқ іске алмаса,
Жерлерде екіталай шамаласа,
Не керек сәуегейлік ат көтеріп,
Тіршілік үйде, түзде қамаласа?
Дәулетке пенде мұқтаж молықпаса,
Ақылға адамшылық толықпаса.
Не керек ұсталық пен шеберлік те,
Ақибат қайратыңа жолықпаса?
Нәпақаң қиянатпен артылмайды,
Алладан тілеп, Хақтан қорықпаса.
Өлшеулі нәжат керек әуел бастан,
Мәрғаблы әуес дәулет ықыластан.
Не керек амалсыздан қойған хакім,
Риямин болар қатты қара тастан.
Сатады әділдігін бес тиынға,
Құнсыздық не болады мұнан асқан?
Қадірлі болмас адам, пұл бермесе,
Саудагер сақал сипап, мұртын басқан.
Ер болмас атасы ту ұстамаған,
Би болмас халқы сөзін қоштамаған.
Баян қылып кейбір ел, жолдас құрып,
Ауылымды жырлар болса тастамаған.
Не керек ерлігі жоқ жалған жолдас,
Өзіңнен бұрын қайрат бастамаған?
Өсекші ел арасын шабыстырған,
Нанар сөз бұрын ойлап салыстырған,
Азғырып, дауласатын жан бар ма деп,
Қыдырып, атқа мініп, қағыстырған.
Не керек мұндай адам қасиетсіз,
Шайтанға адамдығын ауыстырған?
Сыйласып иран-бақта жүрсеңіз де,
Қадірін бір-біріңнің білсеңіз де,
Белгісі жақындықтың, құрметі деп,
Сағынып, ықыласпен көрсеңіз де,
Не керек жаман туған құр ағайын,
Басыңа септігі жоқ іс түскенде?
Құдая, басқа берме қоршылықты,
Жаңылтпа біз пендеңе құлшылықты.
Біреудің малын бағып көре алмаған,
Күнәнің ең ауыры – күншілдік-ті.
Ағайын алалықтан бақ кетірер,
Бұзықтар ойламаған біршілікті.
Бұзықтық, фітнәлікке әуреленіп,
Қылады жоққа хисап тіршілікті.
Басыңның сауыңда бер садақасын,
Ұшады алса бүркіт томағасын.
Не керек құр жігіттік жалмаңдаған,
Әр жайдан ала алмаса сыбағасын?
Көз көріп, қусаң-дағы жете алмассың,
Бақшасы қызыл гүлдің қурағасын.
Асынсаң алмас қылыш – белдің көркі,
Ер жігіт жауға қорған – елдің көркі.
Жарасты әрбір нәрсе өз сәнімен,
Аққу-қаз – айдын, шалқар көлдің көркі.
Гүл, шешек, орман өсіп желкілдеген,
Биік шың, асқар төбе – жердің көркі.
Ағайын, перзент, жары болса жақсы,
Осымен табылады ердің көркі.
Зор шайқы ғалым болса халық ішінде,
Тағылым алып, болады діннің көркі.
Уағыз тыңдап, Алланы жадына алған
Салауат һәмд сана – тілдің көркі.
Таппайды жігіт өнер жатқанменен,
Тырысып, болмас іске қатқанменен,
Құралсыз ешбір нәрсе жүрмес жөнге,
Тиер ме оқсыз мылтық атқанменен?
Пілден басқа жан иесі көтере алмас
Қалыптан артық жүкті артқанменен.
Өлшеулі әр нәрсенің дұшпандығы,
Бүрге жара салар ма шаққанменен?
Нәмартқа мұрынды Құдай қор қылмасын,
Алмасты не кеседі шапқанменен?
..................... босқа қою бір шілтесіз,
Қара үзіп, тайдан озып шыққанменен.
Қылсаңыз мына зәра қаттылықты,
Тастардан дем шығар ма қысқанменен?
Бұл күнде не жақсылар күнелтіп жүр,
Аяғын ептеп қана басқанменен.
Күлді төгіп, балды зәһар еткендер көп,
Ынсапсыз ауызды зор ашқанменен





Пікір жазу