03.10.2022
  307


Автор: Нұржан Наушабаев

АЛТЫНШЫ НАЗЫМ

Дұшпанға ерегескен ар сақтама,
Жөнінен қорқып кетіп, тайсақтама.
Қаншама жүк артса да жан достарың,
Сынғанша бел омыртқаң қайқақтама.
Сүйікті, тәтті көңіл қайтпаса екен,
Достықтан ешкім басын тартпаса екен.
Бес күндік дүние үшін әуре болып,
Қиысып, бірін бірі сатпаса екен.
Еш ізің, құмда жүрсең, білінбесін,
Бір нәрсе дирҺам, қатар ілінбесін.
Кілтсіз сандық секілді бекіт бекім,
Әр жерде төгіліп сырың, көрінбесін.
Ризығы Хаққа міндет пәндасының,
Рахаты, қайғысы ортақ жан досыңның.
Қысқа сөзді туралап айтпақ керек,
Адамның қасиеті жоқ жорғасының.
Бір ата, бір анадан туса он ұл,
Болмайды сыры бірдей Һәммасының.
Жарақат дос көңіліне салу қымбат,
Пайдасын ойлап қана бір басыңның.
Бұл күнде түгел болып сыр шықпайды,
Көбінің түбі тесік дорбасының.
Құласаң, сүйек сынар, биік таудан,
Шыға алмас асау тулап кілт-бұғаудан.
Жүрісін өрмекшідей тоқымалап,
Ғаһымсыз бір нәмартпен болса саудаң.
Муафиқ ақыл серік болмаса егер,
Не пайда күшке салған омыраудан?
Жігітке дүниеде не тіршілік,
Жолдасын егер тастап қашса жаудан?
Бір айтқан сөзде тұрмас болса түпсіз,
Дос ісі жөнге келмес халал ниетсіз.
Кейбіреу әдемілеп қозғалмайтын
Сөзбенен салып қояр кісен кілтсіз.
Жалған дос ықылассыз дос бола ма,
Уағдасы ер адамның бос бола ма?
Көңілінің санасы бар ақылды адам
Дегенге «сен білесің» мас бола ма?
Біріне бірі серік дүние ғой,
Қанатсыз ұшатұғын құс бола ма?
Жарақат тіл найзасы тисе мәгәр,
Қалыпта көңілі адамның қош бола ма?
Болады кейбіреудің ашуы тез,
Бағаны кемітеді мұндай мінез.
Дүниеде көрмей тұрған іс істейді,
Айтқанын екі етпей тұрсаң ілез.
Жалтырақ, түсі сары болғанымен,
Жүре ме бір бағаға алтын мен жез?
Алтынды алтын қылып сақтау қиын,
Күнәні ағартам деп ақтау қиын.
Бір ақымақ біліп алса болғанымен,
Мынауың қисық-ау деп тоқтау қиын.
Мысал көп келе жатқан баяғыдан,
Өнерлеп жібек шықпас жабағыдан.
Көп ойлап түлкілікті, кейбіреулер
Тұзаққа ілігеді аяғынан.
Жаманды жақынсынып, есепке алма,
Айырылып, туысқанды өсекке алма.
Жетем деп осыменен мұратыма,
Тұлпарды айырбастап, есекті алма.
Немматлы ғазиз ердің болса дұрыс,
Өзгертпей қалыбында, сөзге тұрыс.
Тілектің қасиеті кемігені,
Хилаплық уағадаңда болса бір іс.





Пікір жазу