meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  03.10.2022
  136


Автор: Нұржан Наушабаев

ТӨРТІНШІ НАЗЫМ

Келтірмес сөзді дұрыс жабыстырып,
Қояды ақ пен қараны алыстырып.
Ұлағатын кәміл біліп айырады
Зейінмен ақылдылар салыстырып.
Жүйрікпін дегендермен қатар сынап,
Егер де көрсе біреу жарыстырып,
Бір нүкте шетке шашау шығармастан,
Қоятын орын орнымен табыстырып.
Шырғыны жүргізуге ғылым керек,
Дахида зейініңді бөлу керек.
Мағыналы ұлағатпен тізіп қойып,
Байлауға сөзді қысқа білім керек.
Асылмен жасық қоссаң теңелмейді,
Не кетіп, ер басына не келмейді?
Қағазға көптен бері жазғам жоқ па,
Қаламым бұрынғыдай жөнелмейді.
Сенің де күйің түсіп, қызбай жүрсің,
Қапасын көңіліңнің бұзбай жүрсің.
Таңсық сөз тыңдап неше қалатұғын,
Кеңесті көптен бері жазбай жүрсің.
Бір кеңес бастасайшы таң қалғандай,
Өзіңді қыла бермей әлдеқандай.
Баяғы байтақ кеңес көрінбейді
Түбінде қапшығыңның қалмағандай.
Сөз жазып көрген жоқсың артық ойлап,
Хикаят болса тажал кілтін байлап.
Отыз бен жиырманың арасында
Бұлбұлдай шығушы еді үнің сайрап.
Бұл күнде ол заман жоқ талпынғанмен,
Барасың құр көңілді қаншама айдап.
Болмайды жылқы тарғыл, сиыр сары,
Кемиді уақыты асса гүл ажары.
Қарық боп бұлбұл менен қарға үйінде,
Дүнияға, ойлап тұрсақ, мысал бәрі.
Бір қымбат әр нәрсенің уақыты бар,
Зауық айтып, хошланатын ынтызары.
Дариға, баяғыда мұндай ма едім,
Бұл күнде қырықтан асып, болдым кәрі.
Болды ғой білмегенді білдірген күн,
Айдыннан сұқсыр таңдап ілдірген күн.
Үй толы мәжіліс болса базар қылып,
Бар еді, ах, дариға, күлдірген күн.
Әр түрлі таңсық сөздер жазар едім,
Көңілмен бар қапаны бұзар едім.
Мәжілісті тыңдап неше қалатұғын,
Құрбының бас қосқанда базары едім.
Сөзіме әркім жүрді құмарланып,
Сыр аштып әр лұғаттан хабарланып.
Қынап тозып, тот алған қылыштай-ақ
Барамыз бурыл тартып, шұбарланып.
Бұрынғы әр қалыпты тастап жүрміз,
Серік қып жалқаулықты қоштап жүрміз.
Қараны тастап, шұбарға қарғып мініп,
Боздың да құйрығынан ұстап жүрміз.
Танушы ем сөйлескенде сөз жапсарын,
Ретінен қалдырып жоқ тастарын.
Кешегі бір кездерде кетуші едім
Біреудің болдырып-ақ болмастарын.
Бұл күнде жалқауланып Нұржандар жүр,
Азайтып бірте-бірте жолдастарын.
Дүнияның көрдім зауқын серілікпен,
Не істеп, қалып еткем жоқ ірілікпен.
Орғытып оркиіктей бетімізбен,
Бұл халге жеткізді Алла тірілікпен.
Нұр хикмат көңілде болса кәміл,
Кешсең де қаупің болмас дариясын Ніл.
Беймағына сөз сөйлеп, аһ ұрғанмен,
Жан – тәнде, тән – саламат, ынсапқа кір.
Семірме Нұржан деген құр атаққа,
Қонғанмен пайда болмас әр бұтаққа.
Ешуақыт қор болмассын мінін айтып,
Ықылас, ниетіңді берсең Хаққа.
Желікбас әр уақытта бала болдың,
Пайдалы әрбір іске шала болдың.
Тілің у, сөзің зәҺар, көңілің пасық,
Шағатын әркімдерді ара болдың.
Әй, Нұржан, бір сөз баста жетсе күшің,
Айналып жалқаулыққа барады ісің.
Кешегі бір кездерде болып едің
Төбең қыстау, әркімге жайлау төсің.
Көз жібер назар салып әр тарапқа,
Келгенін жастың қырыққа білемісің?
Денсаулық, жастық, қызық неше түрлі
Тұрғанда қолда тегіс сенемісің?
Ғибратнама сөз баста, жетсе күшің,
Азырақ леп шығарып, босат ішін.
Нық тұтын не талапқа кіріссең де,
Ұстасаң қол, тістесең қалсын тісің.
Жағымды бола алмадың халыққа тегіс,
Басыңнан әурелікпен өткен әр іс.
Мастық, жастық, барлығы қабаттасып,
Бұрынғы бар ма есіңде өткен жүріс?
Әй, Нұржан, жігіт болдың елеңдеген,
Көңіліңді білемісің білем деген?
Бейшара, не заманнан кезің осы,
Басылып мысқал ғана төмендеген.
Күйіңе тер көтермес түсіп тұрсың,
Күз семірген жылқыдай көбеңдеген,
Баяғы өткен күндер ұмытылды,
Үй-үйдің арасында сүмеңдеген.
Әркімнің білімі өз шамасына,
Жүре-жүре түседі сабасына.
Басылса, екпін қалып, өзгереді
Бейне бір қайтқан судай шарасына.
Оқ аттық түсер жерін белгілемей,
Майданның біткен тозып даласына.
Шаңдатқан көл айнала көк бұқадай,
Көз салмас күндер болды танасына.
Жер тарпып, сыр берер ме кәрі тарлан
Сан шауып енер өнер додасына.
Шөлмек те қырық күн шайқап, бір күн сынар,
Толықсып, сыймай тұрған ханасына.
Қадірін білмей жүрміз тіршіліктің,
Жігітке пайдасы жоқ іріліктің.
Аяғын шеңгел қағып, қолаулатып,
Тоқтағаны орғып-орғып ор киіктің.
Мысал бар, шыбын өлмес ажал жетпей,
Пенде асығып тыпырлар уақыт күтпей.
Шарықта тізгін қолда тұрған шақта,
Арзандап бағаң, бастан бақыт кетпей.
Ашылып кетуші едің, болса күйің,
Таусылды сөз сөйлеумен баста миың.
Бел байла тәуекелге бір Алла деп,
Жолына Кербаланың тігіп үйін.
Аллаға сүйенсең сен, жина қамды,
Кім етті ырзық беріп бұл ғаламды?!
Қалайынша сақтады құдіретпен
Отынан Намрұдтың Ибраһимды?!
Хаққа құлсың тисе де төбең көкке,
Қадаусыз іс болар деп жүрме текке.
Ажал уақыты жетпесе сақтар Алла,
Төсіңді ашып шапсаң да зеңбірекке.
Мәдиге жеңілдік пен сабыр тиіс,
Төзімсіз зор ғаламат бек қиын іс.
Пірадар, кітапта бар, жадыңа алсаң,
Әл-сабыр, Мәфтах, Фарадж деген хадис.





Пікір жазу