03.10.2022
  142


Автор: Нұржан Наушабаев

ҮШІНШІ НАЗЫМ

Жері жоқ жайылмаған біздің сөздің,
Белгілі жүйрігі едім Орта жүздің.
Шарықтап дүнияны еттік сайран,
Қалпына муафиқ боп әр мінездің.
Көңілдің қазығы жоқ байлайтұғын,
Ақырына сабыр керек ойлайтұғын.
Бүтіні қалыбынан өзгерсе де,
Тіл сөйлеп, көз қараудан тоймайтұғын.
Мәжілісті шаттықпенен қызықтырып,
Бұлбұлдай өтті заман сайрайтұғын.
Жігіттік желдендірер желдей қылып,
Кім көрді қызығыңды мендей қылып.
Ғұмырын кейбіреулер өткізіп жүр,
Көргенмен Ай шұғыласын түндей қылып.
Жігіттік, сенен тапқан олжам кәне,
Түспедің біздің қолға арзан ғана.
Шашып-төгіп, таратып орны-орнына,
Бұл күнде болып жүрміз құр жан ғана.
Бар ма еді мұндай болам деген ойда,
Жиналып жүруші еді бәрі бойда.
Аққумен аспандағы ән қосқандай,
Басатын ащы күйге дауыс қайда?
Аянбас болды күндер аңыз басқан,
Құрбының мәжілісте көңілін ашқан,
Созылып ән взводы кетуші еді
Түтіндей желсіз күні жоғары ұшқан.
Бір күнде тоты құсша сайрап жүрдік,
Қаз мойын, орақ басты жайлап жүрдік.
Бүгіліп, еш нәрседен қорғаламай,
Орынды әрбір жерден сайлап жүрдік.
Ойға алған әр топтың мақсұтынша,
Бірін қинап, біреуін сыйлап жүрдік.
Қарамай дос-дұшпанның аз-көбіне,
Нық белді тәуекелге байлап жүрдік.
Әурелік жөні осы деп кете бермей,
Сонда да екі жағын ойлап жүрдік.
Бұл күнде сөйлей берсем, сөз жетерлік,
Білгендер тағылым алар үлгі етерлік.
Кеңестің бұлағымен көзі ашылған,
Шұқанақты ағызып, көл етерлік.
Кемедей суда жүзген толқынданған,
Халқым бар ауырсынбай жүк көтерлік.
Тап басып тізсем сөзді бұрын-соңғы,
Иненің жасуындай жіп өтерлік.
Кеңесім ұлы дария шалқып жатқан,
Ләззат, мақсат табар дәмін татқан.
Қадағы қырыққа толып шыға бермес,
Сөз жинап салыстырсам әр халықтан.
Кетпейтін менің сөзім тым ерсі боп,
Қалып қып біреулер жүр тіленші боп.
Сонымен де атағымды білдірем деп,
Ертегіні кеңес қып, өлеңші боп.
Жал кетсе қадірі аспас мінсең жабы,
Бәйгеден келер жүйрік, келсе бабы.
Қағыссақ шешендермен шығар еді
Өлеңнің неше фасыл, неше бабы.
Біреуде жарты, біреуде білім бүтін,
Табарлық оңай емес сөздің кілтін.
Құр пәленше шешен-ақ дегенімен,
Қозғайтын кеңес қайда көңіл дертін?
Хабар бер жария етіп ішкі халден,
Аман-сау тұрған шақта бойда дәрмен.
Айтылған сөз жоғалмас бірден бірге,
Егер де тағдыр жетіп, болса пәрмен.
Тыңдаушылар естісін жырды тыңнан,
Нақыштап сөздеріңді өткіз сыннан.
Бұрыннан келе жатқан бар ғой нақыл,
«Жүзден жүйрік, шығады тұлпар мыңнан».
Бәрі де уақытында қалған тоқтап,
Көсіліп келіп жүрген неше шаңнан.
Тереңнен айналдырып кеңес баста,
Кетірмей қапалықпен көңілде арман.
Ажалға еш ылаж жоқ болса-дағы,
Өнерге Аплатондай дүние толған.
Орынсыз іске ұмтылмай, тарт аяғын,
Заман бұл арғымақтан мәстек озған.
Әй, Нұржан, сөз сөйледің жасындай-ақ,
Ілгері талпынғаның басылмай-ақ.
Адасып, адасқанмен бір кеткен соң,
Бір топқа жүрсің басың қосылмай-ақ.
Көңілдің беріктігін, кілтін тауып,
Әуре боп жүрсің әлі аша алмай-ақ.
Ұмтылып, айтып мұрат, қол созғанмен,
Көз талды құба жоннан аса алмай-ақ.
Үйден мәжіліс, даладан ат кетпесін,
Мысқылмен, сырттан күліп жат кетпесін,
Пендеге пенде болып кемшілікпен,
Аһ ұрып, көңілінде дерт кетпесін.
Байлық алды – тірлікте жан сау болса,
Келіспес қанағатсыз жемсау болса.
Жас жетпей қартаясың қапаменен,
Қатының жаман, мінген атың қырсау болса,
Гулетіп келіп қалдық елуге де,
Кез болды әр қалыпты білуге де.
Көңілдің бұрынғыдан зауқы сөніп,
Жалқауланып барамыз жүруге де.
Көрмесең сағынатын не достарды
Себепсіз қиын болды көруге де.
Дене, күш, басылмайтын һәм көңілдің
Айналғаны шығар-ау көмуге де.
Құр бұлқынып, тіл менен көзді жұмсап,
Жақындап жүрміз білем жеруге де.
Айналып бара жатыр қалыбымыз
Шаппақ түгіл зар болып желуге де.
Өзінің уақытынан асқаннан соң,
Жастыққа болмайды екен сенуге де.
Бетіңмен шауып келіп түсетұғын,
Үй де азайып барады енуге де.
Ала мен жетектедік құласын да,
Өтірік қатар жұмсап арасында.
Жігіттік Һауасымен сайран қылып,
Бітірдік анасы мен мынасын да.
Қызығың, жастық шіркін, қандай еді,
Өткен күн, ұмытылып қаласың да.
Бұрынғы қалып өзгеріп, тоқтаған соң,
Не болмас әр адамның санасында?
Осылай отырам деп ойлап па едім,
Сандалып қатын-бала арасында?!





Пікір жазу