03.10.2022
  123


Автор: Ертай Ашықбаев

ШЫҒАРМА

— Әкел, қане, дайын ба?
(Апайларға ұнар ма?
Біз бөпеміз жайында
Жазған едік шығарма).
Бірінші шығарма
Сүт іздейді тамсанып,
Қызық сосын күлгені.
Ұйықтатамын ән салып,
Айсараны БІР-дегі.
Екінші шығарма
Мен өкпелеп қалармын,
Әлиханға жекіме.
Қайдан сыйлық табармын?
Ол бүгін дәл ЕКІ-де.
Үшінші шығарма
Тым-тым ерке ол әлі,
Міне, қолдан түспеді.
Не айтуға болады
Әйгерімге ҮШ-тегі?
Төртінші шығарма
Портфелімді қарады,
Дәптерімді «зерттеді».
Кітабымды санады,
Әсел осы ТӨРТ-тегі.
Бесінші шығарма
«Ки» деп едім, кимеді,
«Шеш» деп едім, шешпеді.
Тастады үзіп түймені,
Гүлнұр осы БЕС-тегі.
Алтыншы шығарма
Бақшасына барады,
Қарай-қарай артына.
Айтқан тілді алады,
Зәуре биыл АЛТЫ-да.
* * *
Біз осындай шығарма
Жазған едік қиналып.
Сіздерге бұл ұнар ма?
...Оқыңыздар жиналып





Пікір жазу