03.10.2022
184
Гүл
Сендім де күшіме,
Жер қазып күрекпен.
Ауланың ішіне
Көктемде гүл еккем.
Көмекші болды інім,
Жүрмеді бөсіп құр.
Мінеки, сол гүлім
Жайқалып өсіп тұр.
Бір ара келді де
Қонуға бекінді.
Жасаймын енді не?
Жайпайтын секілді.
«Сабағы бүгілді,
Құлатса қайтемін?
Шағып ап гүлімді,
Жылатса қайтемін?» —
Дедім де...
Еппенен
Таяқпен түртіп мен,
Қонуға беттеген
Араны үркіткем.
Ызылдап сол ара
Шүйілді өзіме.
...Тығылдым қораға,
Жас келді көзіме.
Шығармай үнімді,
Қорыққан хал мынау.
Қорғамай гүлімді
Тығылып қалдым-ау.