03.10.2022
  114


Автор: Ертай Ашықбаев

ҚҰЛА ҚҰМ

Жоламайды бұл маңайға
Өзенің де,
Бұлағың да...
Құстар мәңгі жырламай ма
Мына құмда —
құла құмда?
Ылғал іздеп тіліменен,
Құмырсқалар тұншықпай ма?
Мына құмға
шыныменен
Қызыл-жасыл гүл шықпай ма?
Көтерілдік қанша қырға,
Еш қызық жоқ, сірә, мұнда.
Досым, әбден шаршадың ба,
Таусылды ма шыдамың да?
Әудем жерден әрі қашып,
Әсем билеп жүр сағымдар.
Аңызақтан арып-ашып
Уілдейді сұр шағылдар.
Мен бар сынға төземін де,
Сыбырлаймын құла құмға:
«Мен — болашақ өзенің де,
Мен — болашақ бұлағың да!»





Пікір жазу