03.10.2022
  117


Автор: Ертай Ашықбаев

ҰСТАМДЫЛЫҚ КҮНІ

Мәнісі бар мұның да,
Сыныбыңа кіргенде —
Не жетеді,
шынында,
Ұстамды боп жүргенге?
Түзелді бар қылығым,
Көнбес мұндай шартқа кім?
Ғалияның бұрымын
Тартқым келді...
тартпадым...
Мынау Самат...
Оның да
Ақылға бас игені.
Розаның қолында
Жүрген гүлге тимеді.
Мұны қыздар күтті ме,
Кім біздерді түзеткен?
Кейбір қызға тіпті де
Мақтау айттық ізетпен.
Дейтін бізді:
«тентек кіл»,
Ұстамды боп жүрдік бір.
Көрмегенге — ертек бұл,
Көргендерге — шындық бұл.
Бар ғой бізде төзім де,
Жүрді қыздар таң қалып:
Үзілістің кезінде
Шулап асыр салмадық.
Мен Саматқа сыздандым,
Ол:
«Сәл шыда, — дейді, — әлі.
Күнде келмес...
қыздардың...
Халықаралық...
мейрамы...»





Пікір жазу