03.10.2022
  186


Автор: Ертай Ашықбаев

ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ

Сөзі —
заңға барабар,
Сөйледі ағай шешіле.
«Мән беріңдер, балалар,
Дене тәрбиесіне.
Қол босаса сабақтан
Жүгір,
секір,
еңбекте.
Шынығуға талаптан,
Табыс оңай келмек пе?»
...Ескеруге мұндайды
Біздің сынып дап-дайын.
Бәрі спортқа ыңғайлы,
Кімді қалай мақтайын?!
Мынау Самат...
Күшті-ақ тым,
Одан ешкім озбайды.
Сыныптағы шкафты
Бір қолымен қозғайды.
Талай сынап көрген ек,
Асылбекке жетпек кім?!
Шығып кетер өрмелеп
Төбесіне мектептің.
Жүрген ешкім ескермей
Шеберлер бар не түрлі:
Сайын, міне, сескенбей
Терезеден секірді.
Мен де әзірмін сынаққа,
Қысыламын несіне.
...Осынымыз бірақ та
Дене тәрбиесі ме?





Пікір жазу