03.10.2022
  117


Автор: Ертай Ашықбаев

Махаббат

Түк білмейміз осы біз,
Жанымызға батады-ақ.
Ал сіз ақыл қосыңыз:
«Немене ол —
махаббат?»
Бере ме деп қол ұшын,
Сұрақ қойдық ағайға.
Ағай айтты:
— Ол үшін
Есейіңдер,
Жарай ма?
Айтпайтынын ағай да
Өзіміз де сезіп ек.
Білу керек қалайда,
Білу керек тезірек.
Сосын,
Сосын...
Бір істі
Құпиялап бастадық.
Қыздар дереу кірісті,
Ұлдар жүрді басқарып.
Алып келдік...
Ағамыз
Әпкеміздің хаттарын.
Қолға еппен аламыз,
Конверті қап-қалың:
... «Мен өзіңсіз өлемін,
Қалай сенен жасырам?
Азабыңа көнемін,
Махаббатқа бас ұрам»...
... «Өзің жоқта кедеймін,
Өзің жоқта жүдеймін.
Түсінбесең не деймін,
Ақ махаббат тілеймін»...
... «Сен сүймесең қалайда
Кетемін мен қаңғырып.
Саған деген алайда
Махаббатым мәңгілік»...
Оқыдық біз қиналып,
Жағымызды таянып.
Әпкемізді қимадық,
Ағамызды аядық.
Күткеніміз бұл емес,
Жинап қойдық хаттарды.
Тіпті бір қыз күлегеш
Жылауға да шақ қалды.
Көз алдымда қазір де
Сол аяныш,
сол елес.
Иә, махаббат әзірге
Біз жүрерлік жол емес.
Заңы қандай қатал-ақ,
Шыдауға күш жетер ме?
...Керек емес махаббат,
Қызығыппыз бекерге.





Пікір жазу