03.10.2022
  448


Автор: Ертай Ашықбаев

МАТЕМАТИКА. ЕКІ НҮКТЕ

Қалды бірден ұнамай,
Есеп бұл біз күтпеген.
Шықты, міне, бір ағай
«А» деген бір нүктеден.
Алдын ала сұрамай,
Күтер жерді діттеген,
Шықты қарсы бір ағай
«Б» деген бір нүктеден.
«Шаршадық» деп шағынып,
Жолдан өтіп не талай,
Бірін бірі сағынып
Келе жатыр екі ағай.
Сапар оңай бітпейді,
Жолдың жайын білмейді.
Автобус та күтпейді,
Арбаға да мінбейді.
Мін дегенге көнбейді,
Күштері де сарқылды.
Жүрістері өнбейді,
Жылдамдығы әр түрлі.
Жолдан өтті не талай,
Асты қырдан,
сайдан да.
Кездеседі екі ағай
Қашан
және
қай маңда?
Енді қанша шыдайды?
Шаршап қалды-ау, о, мықтап.
...Ұстаз бізден сұрайды:
«Бұлар қашан жолықпақ?»
Үңілеміз сұраққа,
Ережені ежіктеп.
Таппай қойдық бірақ та —
Бұлар қашан кезікпек?
Амал ойлап не талай,
Таба алмадық таласып.
...Апыр-ай,
сол екі ағай
Кетпесе екен адасып.





Пікір жазу