03.10.2022
  126


Автор: Ертай Ашықбаев

БАСТАМА

Бізде бос күн болмайды,
Көтереміз бастама.
«Қорға, бала, торғайды»,
«Еденге нан тастама».
«Үлгілі бол, жас ұлан»,
«Әдепсіздік — масқара».
«Тартпа қызды шашынан»,
«Ақылшы бол басқаға».
«Асықпай іш тамақты»,
«Портфеліңді сүйреме».
«Дұрыс оқы сабақты»,
«Тәртіпті бол үйде де».
Көп уақыт күттірмей
Көтереміз бастама.
«Біз туралы түк білмей
Жүр-ау, — дейміз, — астана».
Кіл уайымшыл баламыз,
Ойымыз көп ғажайып.
Абыржып та қаламыз,
Бастамамыз азайып.
Жо-жоқ...
Бұлай болмайды,
Көтерейік бастама.
«Қорға, бала, торғайды»,
«Еденге нан тастама».
«Үлгілі бол, жас ұлан»,
«Әдепсіздік — масқара».
...Сөйтіп қайта басынан
Басталады бастама.





Пікір жазу