03.10.2022
  126


Автор: Ертай Ашықбаев

1 ҚЫРКҮЙЕК. ҚОЛТАҢБА

Асығып ек түнімен,
Кірдік, міне, сыныпқа.
Біздің сынып шынымен
Сонша сағындырып па?
Парта таңдап таласа,
Жүгірдік-ау шалқып бір.
Сынып қандай тамаша,
Бояу исі аңқып тұр.
Сырланыпты терезе,
Парта,
Шкаф,
Тақта да.
Ілулі тұр ереже,
Қабырға да әппақ, ә!
Толқып кетім біртүрлі,
Партама да жүз келдім:
Көрінбейді былтырғы
Қолтаңбамыз біздердің.
Неткен сынып сәнді бұл,
Сөз қалмапты өшпеген.
Жазу да жоқ әлгі бір:
«Т+Б = дос» деген.
Тақтаны да ұнаттым,
Көрдім қолмен ұстап та.
Есімі жоқ Мұраттың
Бұрыштағы шкафта.
Қарап жүрміз мақтанып,
Сынып ішін жүз барлап.
Еш партадан таппадық —
Жоқ мен салған қызғалдақ.
Ал оған кім «жазықты»?
Дұрыс тіпті бұл енді.
Былтыр бекер жазыпты —
Дос болмай жүр «Т» мен «Б».
Өзгеріссіз өтпек пе
Одан соң да күн, апта?
Мүлде басқа мектепке
Кетті ауысып Мұрат та.
Мен де мүлде өзгердім,
Жүйрік қазір қаламым:
Қызғалдақ,
Ол сөз бе енді?
Ұшақты да саламын.
Біз өзгерген баламыз,
Алдымызда —
ғажап із.
...Басқа әріптер жазамыз,
Басқа сурет саламыз





Пікір жазу