03.10.2022
186
САМАУРЫННЫҢ ЖЫРЫ
«Уһ,
күн ыстық,
күн ыстық,
Жоқ жаныңа тыныштық.
Шаршатты, — деп, — жол қамы»,
Атаң келсе болғаны;
«Кетті ернім кезеріп,
Тұр ғой аспан безеріп.
Қиын-ау, — деп, — ол дағы»,
Әжең келсе болғаны;
«Егер маған сенсеңіз,
Өртеніп тұр кеңсеміз.
Маза кетті елден де», —
Деп апаңыз келгенде;
«Автобуста балық боп,
Аузын ашқан халық көп.
Көйлегім — су,
терден бе?» —
Деп көкеңіз келгенде —
Қиналып-ақ қаламын,
Бір бұрқылдап аламын.
Жетем сосын асыға,
Дастарқанның басына.
Кесе қолға қонады,
Атаң ырза болады.
Шөл басар шай көп әлі,
Әжең ырза болады.
Апаң ырза болады,
Көкең ырза болады.
...Менің дағы мәртебем
Өсе түсер жоғары.