03.10.2022
  159


Автор: Ертай Ашықбаев

БЕСІКТІҢ ЖЫРЫ

Ұйықта, бөпем, іңір келді,
Басылады дүбір де енді.
Қойды аға-апаларың
Бөлме кезіп жүгіргенді.
Әлди,
Әлди,
Әлдиім...
Тынышталып қалды үйің.
Сені мендей әлдилер кім,
Тыным тауып қалғи бергін.
Ұйықта, бөпем, алаңдамай,
Шамы сөніп қалды үйлердің.
Әлди,
Әлди,
Әлдиім...
Өзің жайлы ән-күйім.
Іңір өтсе, түн келеді,
Мазаңды алған кімдер еді?
Ұйықта, бөпем, әлдилейін,
Шаршаттың ғой мүлде мені.
Әлди,
Әлди,
Әлдиім...
Мен де бірге қалғиын.





Пікір жазу