03.10.2022
  114


Автор: Ертай Ашықбаев

ҚАЗАННЫҢ ЖЫРЫ

Болсам дағы отқа үйір,
Тентектігім жоқ түйір.
Қабағы ашық баршаның
Болсам егер тоқ бүйір.
Дайын ет те,
сорпа да,
Қона қалам ортаға.
«Қазанымнан дәм тат», — деп,
Достарыңнан қолқала.
Қонағыңнан ештеңе
Аяма таң,
кеште де.
Дайын, міне, көже де,
Дайын, міне, кеспе де.
«Ортаймасын қазаның», —
Деп тілеген қазағым.
Қаңсып қалғам сан рет
Көріп аштық азабын.
Ондай заман болмасын,
Тоқшылық күн орнасын.
Ашықпасын танысың,
Ашықпасын жолдасың.
Тек жалқаулық танытпа,
От жақ,
су құй,
жалықпа.
Мен тоқ бүйір боп жүрсем,
Тоқ болады халық та.





Пікір жазу