03.10.2022
  221


Автор: Ертай Ашықбаев

АСЫҚ

Қуалап жүр тақырда
Бір асықты бір асық.
...Апам іздеп жатыр ма:
«Кетті ме, — деп, — қыр асып?»
Үйге дереу құлдырап
Жеткің келсе —
жол ашық.
Көзді арбап тұр бірақ
Анау жатқан мол асық.
Маңдай терді сүртіп бір,
Шүйілейін шаншыла.
Тәйкелерді іркіп тұр,
Кезегін бер Алшыма.
Намысқой ұл мен едім.
Жеңілу ме?
Атама.
Мен өзіме сенемін,
Сенемін мен Сақама.
Жігеріңді жасытпа,
Сақта дәйім санаңда:
Сақа керек —
Асыққа,
Сенім керек —
Адамға.





Пікір жазу