03.10.2022
257
«БАТЫРЛАР ЖЫРЫН» ОҚЫҒАНДА
Жауды бері шақырғын.
Жекпе-жек пе?
Алға шық.
(Бес қаруын батырдың
Көрген емес шаң басып).
Мұндайда кім қалғымақ?
Көрсет ерлік,
ірілік.
(Батыр мінген арғымақ
Көрген емес сүрініп).
Тарт садақты керіліп,
От болып ти,
лапылда.
(Көрген емес шегініп
Ерген жасақ батырға).
Тіктеп ұмтыл бұрылмай,
Арлан болып атыл да.
(Қалған емес қырылмай
Тиіскен жау батырға).
Дұшпаныңды жең бүгін,
Тынба туын таптамай.
(Жұрт батырдың ерлігін
Қалған емес мақтамай).
...Жеңдік жауды шығынсыз,
Шықтық мәз боп көшеге.
(Ел «Батырлар жырынсыз»
Өскен емес...
Өсе ме?)