СЫНЫПТАСЫМНЫҢ ИНТЕРНЕТ ТУРАЛЫ ТҮЙІНДЕМЕСІ
Интернетке кіремін,
О, аралап жүремін.
Мейлі,
белім ауырсын,
Солсын,
мейлі,
реңім.
Мұндай қызық сәттерде
Жан серігім —
тақ перне.
Ұстамаймын КІТАПТЫ,
Керек емес ДӘПТЕР де.
Көрмедің-ау,
қап,
құрбым,
О, не деген тапқырмын
Жоламадым ҚАЛАМҒА,
ҚАРЫНДАШТЫ лақтырдым.
Әйнек-бетті ақтарам,
Әр қиырға аттанам.
Шығармаймын ЕСЕПТІ,
ЕРЕЖЕНІ жаттаман.
Тайваньға да барамын,
Сайгонға да барамын.
Данияға барамын,
Әр ұяға барамын.
Конгоға да барамын,
Тонгаға да барамын.
Чехияға барамын,
Шет ұяға барамын.
Екпінім бар сұрапыл,
Айтар маған кім ақыл?!
Мазалама, ХИМИЯ,
ҚАЗАҚ ТІЛІ, тұра тұр!
Сабақты да қоямын,
Тамақты да қоямын.
СӨЗ-СУСЫНДЫ ішемін,
СУРЕТ-НАНҒА тоямын.
Интернетте жүремін,
Қызық өмір сүремін.
Көзім,
мейлі,
шаршасын,
Мейлі,
ауырсын жүрегім.
Тыңдамаймын анамды,
Тыңдамаймын ағамды.
ТӘРТІБІМДЕ ісім жоқ,
Түзетпеймін БАҒАМДЫ.
Барлығыңды таң қылып,
Жүре берем қаңғырып.
...Уақытым жоқ,
Қоштасып
Қоюға да мәңгілік.