03.10.2022
  163


Автор: Ертай Ашықбаев

Есеп

Есеп деген сиқыр ма —
Ұмытасың досыңды.
Үңілесің цифрға,
Дайын,
міне,
қосынды.
Мыңдықтан не жүздіктен
Ондықтарды аласың.
Түбір санды біз күткен
Түңілсең де,
табасың.
Қанша сауал,
қанша сан —
Көбейтесің,
бөлесің.
Демалып ал,
шаршасаң,
Болмайды ешкім бөгесін.
...Ал, демалдық,
күтіңдер,
Біз —
болашақ үздіктер:
Бөлшектенер бүтіндер,
Мыңдық болар жүздіктер.
Ережемен қазіргі
Орнатамыз тәртіпті —
Көбейтеміз азыңды,
Шегереміз артықты,
Бөлектейміз қалдықты.
...Мейлі,
қалай десек те:
Ұнатады дәлдікті —
Өкпелеме есепке!





Пікір жазу