
ШЫНДЫҚ ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚ
– Шындықтың ауылы қайда?!
Шындықтың ауылы қайда?!
Айтыңдаршы маған
сол шындықтың ауылын,
Көтерейін сонан соң бар өмірдің ауырын, –
Деп жылайтын бір қарт байғұс еңіреп,
Бөтелкемен «тілдескен» соң кеңірек.
Шындық қайда?!
Айтпайсыңдар, түсінем...
Сол шындықты бөтелкенің ішінен,
Сарқып ішкен сұра мына кісіден! –
Дейтін шалым шақырып ап қасына,
Жүз грамды құюшы еді «басыма»,
Ал сонан соң... сөйлеуші еді ашына...
Жалған айтып, белгілі ғой жақпасым,
Мықты болсаң, бұрмай көрші ат басын,
Бір шишаңа бүткіл мына тірлікті
Сыйғызып-ақ жіберген соң қақпасың!
Шындық қайда?!
Айтпайсыңдар, түсінем...
Сол шындықты бөтелкенің ішінен,
Сарқып ішкен сұра мына кісіден!
Шалға қайтіп шындық тауып берем мен,
Шындық іздеп,
шындап ішіп көрем мен.
Сол шындықты
енді таптым дегенде,
Мас боп қалып,
таба алмай-ақ келем мен.