03.10.2022
  229


Автор: Төреғали Тәшенов

С. СЕЙФУЛЛИННІҢ ТҮРМЕДЕ ТҮСКЕН ЕҢ СОҢҒЫ СУРЕТІНЕ

Қабағын қату
қақ жарған қаяу,
Қиямет түні
қалса да таяу,
Қарысып, күтпей
адамнан аяу,
Қан басқан
қыран көздерімен
Қарайды ол ояу!
Сақал-мұрт өскен,
Сарсаң қасіреттен...
Көкейді тескен
Көркің қайда кеткен?
Ой, есіл Сәкен!
Ой, асыл Сәкен!
Арманда кеткен,
Жалғаннан өткен,
Артыңда-ау,
әттең,
Жар қалды-ау
өпкен!
Жау қалды-ау
тепкен!
Арылып болып
ыза мен кектен,
Салқын, сабырлы,
ешкімге өкпелеместен
Отырған жүзің —
кетпестей естен,
Шықпастай түстен!
Жиналған
жаққа белгісіз,
Қиналған
шаққа төзгісіз,
Қайран ер кесіп айтатын!
Көретін
азабың ба еді,
Өзіңнің
қазағың да еді,
Несін айтасың?!
Сырлы
сөзіңе өшіккен,
Нұрлы
көзіңе өшіккен,
Салған
Айға ауыз,
Құтын ап
халықпен ойнаған,
Шұқылап
алыппен ойнаған
Қай жауыз!
Сағат-бұйрығын
тұр күтіп...
Қанат-құйрығы
қырқылып,
Жұлынғанымен
қауырсындары,
Сақтап
тәкаппарлығын,
Басынан
аттап бәрінің
Ұшқалы отыр
тау қыраны!





Пікір жазу