ХАКІМ АБАЙ, КІМ ЕДІҢ?!
Хакім Абай!
Қатар тұрса хақ мұсылман Құнанбай,
Ат қасында көрінер ең құнандай.
Құрығанда – оза шауып қор болдың,
Құнанбайдың заманында туа алмай.
Сен – үзілген нұр-тамшы ұжмақ самалдан,
Қалам атты хикметтен пана алған,
Суарылып илаһи бір шабытпен,
Ибраһимнің дұғасынан жаралған.
Қинағаны – қазағыңның ен дерті,
«Сыймағаны» – қажы әкеңнің кең бөркі.
Желбуаздар жуан шал ғып жіберген,
Әйтпегенде кімнен еді кем көркің?
Көз жібертіп кемел сонша биіктен,
Кем-кетікке келіспес қып шүйілткен,
Көзі ашылған көкірегің кінәлі,
Күліп өтпей, күйіп өлсең күйіктен.
Аңсағаның – тақуалық тірлікте,
Қанша амалың – жеткізбесе бірлікке.
Ол да сенің берген батаң, сақалы
Шәкәрімнің жеткен болса кіндікке.
Қатар тұрса хақ мұсылман Құнанбай,
Ат қасында көрінер ең құнандай.
Құрығанда – оза шауып қор болдың,
Құнанбайдың заманында туа алмай.