ӘЗ НАУРЫЗ
I
Наурыз, наурыз – наз үлгі,
Жерге жасыл жаз үлгі.
Жақсылықты жаһанға
Жайып келші бар ізгі.
Наурыз, наурыз – наз бөлек,
Наурыздағы саз да ерек.
Жанарыңда, жаныңда
Жарқылдайды жаз кенет.
Наурыз, наурыз – наз қайың,
Қаңқылдаса қаз дәйім,
Көлбей ұшқан тырналар
Келген айтып мәз жайын.
Наурыз, наурыз – нұр шыбық,
Нұр бетіне тұр шығып.
Бүрленуде бұтақтар,
Түрленуде тіршілік.
II
Жылып күн, жон мен жота жасап қалды,
Желменен желбіретті масақтарды.
Арыған алты ай қыстан ала жамбыз
Жел кеулеп жібітуде қасат қарды.
Наурыз бұл назы бөлек, сазы да ерек,
Жаныңның жарқылдайды жазы кенет.
Маңырап, көкке созса қой тұмсығын,
Әуенің жүріп өткен Әзі, демек.
Наурыз бұл нұрлы бояу, наз үнділік,
Жазуды жерге жасыл жаз үлгі ғып.
Өзіңмен жер бетіне жедел басып,
Жайылсын бар ізгілік, әзиз ғұрып.