Басқалармен бағы қалың
Теңеліпті терезем.
Шарықтапты шаңырағым,
Кеңейіпті керегем.
Арнап маған тігіліпті
Алты қанат ақ отау –
Сүйегі асыл, сырлы уықты
Зерлі жабдық, жібек бау.
Әлем сынды әдібі гүл –
Босағам тұр бақ қауып.
Тарту сыйын Тәңірінің
Түгел жүрмін атқарып.
Мазақ қылар мұнша Құдай,
Мен түс көрдім, сенер ме ең:
Бір шыны аяқ тұр сары май,
Иістеніп көгерген.
Ширыққанмен шыдам енді,
Татымайды тұз-үміт.
Сезім-сезік шыға келді
Сары майдай бұзылып.
Сұйық жолым болар ма екен,
Сыйым кемдеу жігітпін.
Сартап болып солар ма екем
Сабағында үміттің.
Тынбас, сірә, мені жықпай,
Қойды өзіне жақын ғып,
Жанымды осы жегі құрттай
Жеп бітер ме ақындық?
Сары ауру ма торыған кеп,
Сағыныш па, сарғайтар?
«Түс толқиды, жорыған жөн
Жақсыға тек» (Халық айтар).
Сары май ол біткен іріп –
Сарқылғаны сары уайым.
Ақ отау ол күткен үміт –
Ашылғаны маңдайым.
Аумин!