03.10.2022
  152


Автор: Төреғали Тәшенов

ТАУ ЖЫРЛАРЫ

I
Таудың тарғыл тасын жалап көріп пе ең,
Жалап көрші, сыздап тұр...
Тағдыр, мені шыңға шығар, құз қаптыр,
Дүниеге қарап салқын қабақпен
Отырайын қырандарша мұздап бір.
II
Таулар менің қатпарындай миымның
Таусылмайтын ұңғылы мен шұңғылы.
Шың-шекенің кернеп сыйымдылығын,
Солқылдатып теседі ойлар бұрғылы.
Жазу үшін мидың құрыс-тырысын
Жүгіремін бұлаққа бар арыны,
Реттейді қан-тамырдың жүрісін
Қасиетті тау суының сарыны.
III
Қара шыңдар қасқияр,
Секілді бір бас қияр.
Қылыш-қия тауларым
Жанарыңнан жас тыяр.
Қара шыңдар қасқияр,
Бір қарап-ақ ес жияр.
Ірілігі таулардың
Жанарыңа жас жияр.





Пікір жазу