02.10.2022
  179


Автор: Төреғали Тәшенов

ТАУЫС

Бір ғажап құс бұзды менің ұйқымды,
Қай күні еді, хайуан бақтан көріп ем.
Сірә, мұнда әкелінген сиқырлы
Сонау алыс Шын-Машынның елінен.
Сұлу сынды етегіне сүрінген,
Перғауындай тым тәкаппар, ұзын, тік.
Шабыт ашар ерекше бір дірілмен
Шекесіне қадаған гүл үзілтіп.
Сорғып аққан сырғасы бар құлақта,
Суреттеуге сүйрік тілің жетпеген.
Оны қойшы, осыншалық бірақ та
Жаратқаннан жасандылық күтпеп ем.
Мына жұмбақ жаратылыс қалайша
Бір өзіне қиған мұнша байлықты?
Мына құстың сұлулығы алайда
Қарап тұрып жүрегімді айнытты.
Бақыт құсы іздеп жүрген халықтың
Осы болса көрдім, көңілім басылды.
Маған мұндай артық, асқан бақыттың
Керегі жоқ, айналдырар басымды.
Айтар болсам (ұзын сөздің қысқасы),
Тұрғанымен қанаттыға түрі ұқсап,
Көрген сайын күмәнданам құсқа осы,
Тұрады ылғи көңіліме күдік сап.
Сүйсінбедім, сенемісің сөзіме,
Тауыс құсты жоқпын өзім ұнатқан.
Күнәкардай көрінеді ол көзіме,
Қуылған құс секілденіп жұмақтан.





Пікір жазу