02.10.2022
184

ДУЭТ
Желге ойнайды жас дарақ,
Бірге ойнайды қос шабақ.
Теңге үзеді толқыннан,
Діріл қағып қос шанақ.
Желге айтады жас дарақ,
Суға айтады қос шабақ.
Жел мен суға жеткізбес
Қиял жүйрік – қос қанат.
Айға шапқан ақ шабақ –
Асыр салған ақ тамақ,
Күнге шапқан қос шабақ –
Күлім қаққан қас-қабақ.
Жел кетті боп сасқалақ,
Гүл кетті боп ұшқалақ.
Күндегіден ашқарақ
Сезім шіркін – басқарақ.
Айдын болды ақ парақ,
Айбын болды шапқан ат.
Қара судан қармақтың
Қайғым болды қапқаны-ақ.
Желге ойнайды жас дарақ,
Суда ойнайды қос шабақ.
Жел мен су боп қауышқан
Сен екеуміз – қос қарақ.