02.10.2022
  254


Автор: Төреғали Тәшенов

ҚАМШЫ ТАРТУ

Өзегі бар өр қамшы,
Он екі таспа ер қамшы,
Шемен қатқан шер қамшы,
Тобылғы сап тер қамшы,
Алты тұтам ат қамшы,
Жеті тұтам жар қамшы,
Қара басы хан қамшы,
Жыланбауыр сары қамшы,
Жігіт болсаң жанға алшы!
Сұр жыланға серт болған,
Ер ұланға дерт болған,
Екі бүктеу шарт болған,
Екі тартпас мәрт болған,
Сүйек сабы нарт болған,
Сүйір ұшы шалт болған,
Талмау тұстан таңдаған,
Даулау тұстан аңдаған,
Қоңсысы – қоныш наз қамшы,
Туысы – тізе әз қамшы!
Бастықпаған асауын
Баса тартып жіберген,
Құдай қосқан қосағын
Қоса тартып жіберген,
Тіл алмаған тентегін
Тіле тартып жіберген,
Көңілі түссе келгенін
Күле тартып жіберген,
Иесі болған дүр қамшы!
Киесі болған пір қамшы!
Қара бұрым хас қамшы,
Сері бұрым сес қамшы,
Мен салмадым, сен салшы...





Пікір жазу