Бар мәнісін біледі оның бір Алла...
Бар мәнісін біледі оның бір Алла,
Анық жол жоқ күдік пенен күмәнға.
«Ақындарға, – аятты бұл, – ермеңдер»,
Құдай бекер түсірмеген Құранға.
Ақындар ма –
Қауымдар ол адасқан,
Алланы айтып
Жынмен ауыз жаласқан.
Жерде жатып
Аспанда Аймен таласқан,
Ұлымен де, ұрымен де санасқан,
Бас қосылса, мас болып тек тарасқан,
Өлеңімен өзіне-өзі бал ашқан.
Тұнық суды тұмандатып әдейі,
Төндіретін ашық күнде қара аспан.
Сүйетұғын дауыл менен жауынды,
Жай отырмай жынды қылар сауыңды, –
Өзі ғана өлсе адасып жақсы ғой,
Адастырып өледі олар қауымды.
Не демеді, шіркін, ауыз талай кер,
(Бір Абайдан бері қарай санай бер)
Шайыр көрсе шайтандайын шошынып,
Ақындарды ақымаққа балайды ел.
Соның бірі мына мен деп есепте, –
(Ал ендеше таспен ат та, кесекте)
Тірісінде түсіп жүрген тозаққа,
Таңылатын өлсе дағы өсекке.
Ақында бір ақың бардай, болмадың,
(Бір-ақ сөзге сыйдырған ғой бар мәнін)
«Айтқанын қыл, – дегенді айтқан мен емес, –
Істегенін істеме, – деп, – молданың».
... Құран айтса,
Қасарыспа,
«Жөн», – деңдер!
«Ақындарға ерме...» десе, –
Ермеңдер!
(Өлеңін сүй, өзін сүйе көрмеңдер)
Ұққын бірақ:
Қасиетті Құранда:
«Ақындарға, – деген сөз жоқ, – сенбеңдер».
...Бақыттылар – пайғамбарға ергендер!
Бақыттылар – ақындарға сенгендер!..