ҚАЙРАН ШЕШЕМ
I
«Құдайым, мұнша неге ғаріп еттің,
Жетпіске келмей жатып әрі кеттім.
Қу жаным шығар емес, қозғалмайтын
Қу тәнді келсін қанша тәрік еткім.
Тілеуші ем деп денім сау күнімде алғын,
Бір аяқ, бір қол, қызыл тілімді алдың.
Алашағың болса тек өзімнен ал,
Артымда аман болсын құлындарым».
Осылай айтар едің жылағанда
Тілің болса...
Жүрмес пе ең дін аманда,
Он балаңа өлгенше тілей бермей,
Құдайдан сәл өзіңе сұрағанда.
Тиді деп қара қазақ баласына,
Қалдың ба қожа әкеңнің наласына.
Көрместен босағаңды көрге кірген
Не дейін Қасым қожа нағашыма.
Қозғалмай үш жыл жату – азап қандай?!
Құдай-ау, не жазды анам азаптардай.
Таймаған сонда дағы тәубесінен,
Құлыңның көр ісіне ғажаптанбай?
Перзент боп қаратпаған, қарамаған,
Халімді түсіне бер қара да, адам!
«Жаман биең берсін, – деп, – жақсы құлын», –
Қамыққандай қалып ең, ана, маған?
Нең қалды өлмегенде...
Нем қалды көмбегенде...
Қайран, шешем!
II
Үш жыл жатты – үш күнгідей болмады,
Қайран, Анам! –
Кетті өмірден ол дағы.
Аман өту ауыр азап-сынақтан, –
Осы екен ғой бұл өмірдің бар мәні.
Таппай шарлап Жер мен Көктің арасын,
Енді көзден ыстық жас боп тамасың.
Ауыртпалықты өзіңмен бар сыпырып
Ап кеттің ғой ақыретке, анашым...