02.10.2022
  415


Автор: Төреғали Тәшенов

Торығу

Ойлап па едім шығам деп жолға бұлай,
Тағдырымның тап болдым толғағына-ай.
Екібастан момынның ұрпағы едім,
Қолда аруақ, алдымен оңда Құдай!
Осылай деп бетке алғам Алматыны,
Мектеп, сабақ – бәрі де қалды ақыры.
Бірі кем қырық жаста, үш баламен...
Қиын заман, қалмаған ақша құны...
Қырық жаста жан болдық – жоқ тұрағы,
Жоқ жанында белгілі тоқтың әні.
Сәл иілсең біткені, онан сайын
Илегісі иттердің кеп тұрады.
Құрсын бүйтіп қырықта қырды асқаным,
Қайтіп, қалай, білсең ғой мұң басқанын.
Миығынан бір күліп өте шығар
Толып-болған кешегі құрдастарым.
Кейінгілер көкке көз сүзген кілең
Өздерінен санай ма бізді енді кем.
Танымаған болады ағаларым,
Таныса да, үмітін үзген білем.
Пұл бола алмай, құл болған заманаға,
Өкпелеме, іні дос, бұл ағаңа? –
Қос қоғамның өтпелі өтінде қап,
Құрбан болған жастығы өліарада.
Ауылға түптің түбі қайтам ақыр,
Тағдырым, тас көшеде шайқала тұр...
Алматы кеп алты өлең жазбасам да,
Күн сайын газетте елге айтам ақыл.
Бір қол сілтеп бүгінгі құндылыққа,
Бассам деймін кей-кейде «жындылыққа».
Бұл заман – басқа заман, ақша заман,
Ерте туып, кеш қалған бізді ұғып па?!
Ұқсаған патша жаста соқыр құлға,
Кім зәру дейсің мендік қотыр мұңға.
Жыламайтын біздерге қайдағы емшек?!
Осы мен әлде жылап отырмын ба?
...Келеді тыпырлаумен көш-тұяғым,
Астынан шықпайды үні бес қияның.
Жұтылып бара жатып сұр тасқынға,
Көріп қап Алатауды, ес жиямын.





Пікір жазу