02.10.2022
  128


Автор: Төреғали Тәшенов

БУЫРҚАНУ

Көңілің маған, сеземін,
Толмайды, бала,
Ақынның жазығы сол –
Ақын болғаны ғана!
Баулысын қанша
Кер заман, кір жұқпайды екен
Ақын көңіліне
Аққудың қауырсынынша!
Саздағы шынар
Секілді саяқтау біткен
Тағдырдың бұл да маңдайға
Жазғаны шығар!
Тұзағы мықты
Жетті ақыр аяңдап маған
Абайдан қалған баяғы
Ызалы күлкі!
Шамдана білер
Шын жампоз шабына тисең,
Маң далада кім қалды
Паң қара мінер!
Қайраған тісті
Қара үлек – кейіпке еніп,
Қотарар кім бар қазандай
Қайнаған ішті!
Қойқапта жатқан
Қара жын қозғалған кезде
Белдеспес ешкім бел буып
Айқасқа батпан!
Булығып жатқан
Бұлақтың көзін аш, жібер –
Көресің сосын қандайын
Суырылып аққан!
Жапырағы да
Дарақтың жетіліп алып,
Иіліп сосын тұрмай ма
Топырағына!
Тасулы, қызба
Бура жыр бұйдасын үзді,
Қашыңдар кейін, қашыңдар,
Ашулы Муза!!!





Пікір жазу