02.10.2022
  130


Автор: Төреғали Тәшенов

НАУРЫЗГҮЛ

Қызуына елтіп ерте көктемнің,
Қызарды да, шықты күткен көптен гүл.
Сала берді сабағынан солқылдап,
Тарап еді тал бойына көктен нұр.
Қарап тұрып болар еді жан ғашық,
Кірпік ілмей сол түн
еді таңға асық.
Ерте көктем ертеңіне-ақ қағынып,
Ерке гүлді... қалды демде қар басып.
Көктей ұрып өтті аямай көк мезгіл,
Құрбаны боп кетті күштің текке озбыр!
Қалды бәрі деп:
«Гүл шешек қағынып,
Қатарыңнан тым неге ерте көкке оздың?»
Бір-ақ түнде сезім көлін шайқаған
Қар су болып, көктем тағы айтады ән.
Кетті бәрі ұмытылып, найқалып
Наурызгүл шықты бір күн қайтадан!
Басылыпты бойындағы аптығы,
Білінеді көзге бірден жаттығы.
Керегі не жапырағын жайғанмен,
Көрінбейді алғаш ашқан ақ гүлі.
Тоқ сабақты, болып жуан тамырлы,
Бейімделген,
алмайды енді қағынды.
Тіршіліктің түйткілі көп, бірақ та
Осы гүлдің тағдыры бар кәдімгі.
Қарсаңында ертең ерте көктемнің
Қайталайды қателігін өткеннің.
Алданудан аузы қайтіп күймейтін,
Сарсаңынан сабақ алмас неткен гүл?!
Тірлігінде тосын тағдыр таңдаған,
Есі кірмес ессіз гүлге таң қалам....
Тура тартып бара жатқан жоқ па ешкім,
Бір шеңберде тұр ма айналып бұл ғалам...





Пікір жазу