02.10.2022
144
![](/uploads/shorttexts/author_image/fullsizerender-19-02-22-10-33.jpg)
Құятын болды-ау жаңбыр шын түнімен...
Құятын болды-ау жаңбыр шын түнімен,
Түрі бар тесілгендей күн түбінен.
Тас пісірер тырсылы – мына түрмен,
Аспанның болмас бүгін жыртығына ем.
Кеше ғана жатқан боп мүйіз кеуде,
Жер жарықтық, жұмсарды-ау киізден де.
Жаңбыр иіс самалға кеудемді ашып,
Көпе-көрнеу көшсем бе күй іздеуге.
Есіме алдым несіне ілкі мұңды,
Ілуге енді қимаймын кірпігімді.
Жарық қылып қояды әлсін-әлі,
Біреу жаққан үн-түнсіз шырпы түнді.
Жауынға елтіп жатып дала шайған,
Шықпайды туған ауыл таласа ойдан.
Сағындым, шалғын иісін – жел ап келер,
Жосалы, Шіркейлі мен Қарасайдан.
(Керек қой тәтті түске алданбауым,
Үйдегі ұйықтай берсін қалған қауым).
Жүрегімнің басын кеп ұратындай,
Сырттағы дүңк-дүңк етіп жауған жауын.