02.10.2022
  151


Автор: Төреғали Тәшенов

Не десең о де мұнымды....

Не десең о де мұнымды,
Адамнан қашып,
Ағашқа шақтым мұңымды.
Бірінің де таппадым тілін тірінің,
Өзіме аян – көңілім неден суынды.
Адамды қойшы,
Құдаймен жүрмін келіспей,
Тәңірдің ісін терістей берем, кері істей.
Мейірін Көпке,
Пейілін Көкке бермеген
Тек өзім білем кеудеме қатқан берішті, ей!
...Көр, ішпей!..
Сірі жұрнақ қалды ма сері күннен,
Соншалықты кеткенім кері мүлдем,
Құрығанда – қалдым ғой қара басып,
Алла түгіл адамға көрінуден.
Керегі жоқ
енді маған мақтау мен даттаудың да,
өзімді-өзім жатқан жоқ ақтау мұнда.
Керегі сол – тек қана тыныштық бер,
Көремін сол – тек қана Хақты алдымда..





Пікір жазу