ШЫҢҒЫС ХАН. БҰХАРАЙ – ШӘРІПТІҢ БАС МЕШІТІНДЕ
Қаузасам қадым заман хатыменен:
Жаралған Күн нұрынан, заты ерен, –
Бұхарай – шәріптің бас мешітіне
Шыңғыс хан кірді, – дейді, – атыменен.
Аруақты жерден үркер ат тұяғы,
Құранмен жазып қойған хат, – сияғы.
– Құдайдың жердегі үйі, - десе: – Бұған
Қалайша, - дейді Қаған, – Хақ сияды?!
– Көгінде Бұхараның жаңа Ай туған –
Алдияр! - дейді Имам, – сөз дәл айтылған.
Бірақ та, сыймаса Хақ мешіт-үйге,
Кішкентай жүрекке ол қалай сыйған?!.
Қағандай сөзге тұрған дүр өтпеген,
Атынан түсіпті іле ізетпенен.
Мінберге жоғарырақ шығып сосын,
Барақат байтақ жұртқа тілепті ерен.
– Жерде – мен,
Көкте – Тәңірі қалауы бұл!
Басынан Бұхараның ауады түн.
Күнәһар қауымның қақ төбесіне
Түсірген Жаратқанның зауалымын!
...Уәжін айтты солай ашып елге,
Ақша бұлт жүреді еріп асыл ерге.
«Алланың досы!», – деп хақ әулиелер
Жеткенше иіледі басы жерге.
Шақырып шейх, мүршит, машайықты,
Иләһи нұрынан хан масайыпты.
«Бір діннен бір дінді артық қоймаңдар! – деп,
Бұхарлық бойсұндырды халайықты.
Өзінің болды басқан құт қадамы,
Жығылды сәждеге айтып «Субхана...»-ны...
...Қағанға – Хақтан тауфиқ тіледі имам
Дұғада – жұма күнгі құтпадағы.
...Мешіт пен синагога, пұтхананы
Тең көрген Шыңғыстайын тұтқа кәні?!
Қағанның қадап кеткен қағидатын,
Қайтейік, бұл адамзат ұқпады әлі...