Жалайырдың жауабы...
Өткендерін жоқтатпаған, жандырған,
Мені ұмытпай, қастерлепсің, Марғұлан!
Мәртебемді көтеріпсің биікке,
Зерделепсің запыранымды зар буған...
Селдіреген сүйектерім «сөйлесер»,
Аруағым ұрпақтармен тілдесер.
Шет шалғайда шерменде боп шөгермін, –
Деп ойлаушы ем мені мүлдем білмес ел...
Уа, Әлікей, ғұламалардың дүр басы,
Жат жұрттық боп кеткен мені тыңдашы.
Айырмамыз – Сен академик әйгілі,
Менде – кісен – Борис патша таңбасы.
Жо...жоқ...бұған Оллаһи мен қайғырман,
Арамызды төрт ғасыр ғой айырған.
Беу, арманым! Аққу болып жүзіп жүр
Ақ ордада Есіл өзен бойынан.
Уа, «Жетісу!», сәлем, қоры «Үш бәйтерек!»
Жым-жылас боп жата берсем қайтер ем?!
О, Құдірет! Бір көтерші басымды,
Ау, Әлікей, екеуіміз қосылып,
Астанаға жүйрік жолмен жосылып
Емін – еркін ел басына жолығып
Тәуелсіздік құт болсын! – деп айтар ек!
Мәңгі бақи бақ қонсын – деп айтар ек!
Кейінгі ұрпақ шат болсын! – деп айтар ек!
Сұқ көздерден сақ болсын! – деп айтар ек!
Жаһандағы елу елдің елеулі
Қатарына тап болсын! – деп айтар ек!