02.10.2022
  117


Автор: Мыңбай Рәш

Тәтті түс

Қарайлап қарауылдың төбесінен
Елегізіп жүйрік күндер елесіне,
Қос ішек домбырасын күмбірлетіп
Он саусақ жосылады пернесінде.
Тамылжып Татьянаның ғашық әні
Жандырта ақын Абай қосылады.
Тербелді «Тәңір қосқан жар едің сен»
Жүректі шымырлата жосып әрі.
Төңірек тыңданғандай құлақ тігіп,
Жатқандай жақын аймақ, жырақ біліп,
Айтты ақын көзден моншақ мөлдірлете
Жабырқап жан жүрегі жылап тұрып.
Қас-қағым қағып алып ғажап әнді,
Қыз-жігіт от сезіммен назаланды.
Осы әнге ақын Абай неге балқып,
Апыр-ау, неге сонша мазаланды?!
...Жосылта жолдың шаңын аспанға атып,
Келеді жолаушылар тас боратып,
Жүрісі суыт... қайда асығады.
Қос тұлпар ауыздығын қарш шайнасып.
Қабысып жатты әлгі әнге – «Қаламқасқа»,
Қазақтың қара жолы, тарам тас та.
Басында цилиндрлі қатқан қалпақ
Жолаушы түсе берді тарантастан.
– Ассалаумағалейкөм, ақын Абай!...
– Уағалайкумассалам асыл ағай!
– Жолсоқты болдым, – деді жұмбақ адам
Құшақтап ұлы ақынға қарай-қарай.
– Білдің ғой менің Абай екенімді,
Өзің де айтып қойшы мекеніңді?
– Абай-ау, мен кәдімгі Пушкинмін ғой,
Көрісіп көңілім көкке көтерілді.
– О, Тәңірім, шыныменен Пушкинбісің?
– Тап солай... Петербургтан келген кісің!
Араға ғасыр салып әрең жеттім,
Жетелеп алып келді дарын-күшің!
Балаша жайраң қақты ақын Абай:
– Беу, Саша, бол меніменен бір тумадай.
Япыр-ай, сенейін бе, сенбейін бе,
Нұр жүзің жарасқандай жаныма жай.
– Соңыма түскен не бір арамбезден
Жиреніп, өзіңді әдейі іздеп келгем.
Демей ме мыңнын атын естігенше
Біреудің болар артық жүзін көрген...
Қазақтың қандай ғажап даласы кең,
Самал жел, сиқырлы сай-саласымен,
Жол шегіп жан сарайым кеңейді ғой
Құлшына жұттым жұпар аусын мен...
– Саша ағай, жоғары шық, төрім дайын,
Көрсем деп басушы еді мені уайым.
О, Тәңірім, тағдырыма ризамын,
Сақтай гөр сұқпа көзден а Құдайым.
Тігіңдер алтыбақан ай астына,
Тұлпарды ерттеп дайын қой астына.
Қазақтың кең пейілін білсін ақын,
Қастерле атшысын да жайғастыра.
өлең сөз патшалары үш түн, үш күн
Ән шырқап Абай, жырын оқып Пушкин,
Тебіренте «Қаламқас» пен Татьянаны
Шаттықтан шарпығандай маздап ұшқын.
* * *
– Түс емес, өңім болса әттегене-ай!
Деп қойды ойға шомып ақын Абай.
Күңіренте домбырасын шерте берді,
Беу жалған – бейне сиқыр сахнадай!
– Қос атпен қиян шеттен сайрандаумен
Десті жұрт: – қамыт сақал қайдан келген?!
Қарайды таңырқаса қайран қазақ
Сырты – жау, өз ішінен ойран көрген.
Еңсесі хан Тәңірдің шоқтығындай –
Екеуін қосқан тағдыр, қосты Құдай,
Екеуін тапқан екі ғасыр– ана
Екі елдің ежелденгі достығындай!





Пікір жазу