02.10.2022
  169


Автор: Мыңбай Рәш

Абылайдың ақ батасы

Желпіп жел алақанымен,
Жаңбырға жонын жудырып,
Танытып тастан мүсінін,
Тұрған бұл дерсің кісі кім?
Әлгінде ғана жауларын
Талқандап қайтқан шағындай,
Айналған аты аңызға –
Алмалы аудан бау-бағын
Құлпыртқан батыр Абылай!
Ауыздығымен алысып,
Ұшқан құспен жарысып,
Аспанға шапшып, қарғылап,
Атойлап мінген арғымақ,
Түн қатып жүріп, түс қашқан,
Жеңіспен жорық ұштасқан,
Дамылдап даңғыл бойында,
Сұрапыл сәтін ойға алып,
Қол-басы тұрған ойланып:
– Той десе қу бас домалар! –
деді де: Ой-хой, дабырды-ай!
Ат басын бұрды Абылай –
Алмалы аудан тойына.
Қала мен аудан әкімі
Қолтықтап төрге шығарып,
Ақ киіз төсеп атасын,
Қолдарын жайып шетінен
Сұрады берер батасын.
Сонда тұрып Абылай:
– Қолдай көр! – деп, а, Құдай! –
ел-жұртына қаранып,
Сақал-мұртын таранып,
Ағылып тұрды, о, тоба-ай!
– Ақ батамды тыңдаңдар!
Қиындықтан қыңбаңдар!
Тәуелсіздік тізгінін ұстап,
Ғарышкерлердей зырлаңдар!
Елу елдермен иық тірескенде елің,
Елу аудан санатында болғай,
Қырандардың қанатында болғай,
Жерұйығына Асан ата аңсаған,
Арыңдап шеттен баратын болғай!
Кеңейсін кербез керегең,
Көбейсің ұл-қыз, немерең,
Абыройың асып-тасысын,
Қалаға қастер, бедел ең!
Жарқырап жахбұт жан-жағың,
Алға тарт, аудан, Алмалым!
Тоқырап бір де тұрмасын,
Өндіріс өрлеп, зырласын!
Кеңейіп, көктеп, кәсібің,
Кенелсін кеулеп несібең!
Жарыста маңдай болғайды –
Алмалы атты есімің!
Әумин!





Пікір жазу